Жаңалықтар

ІІМ он күнде 54 есірткі қылмысын анықтады

ІІМ он күнде 54 есірткі қылмысын анықтады
Фото: Polisia.kz 10.10.2024 13:34 407

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті белсенді түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазан айының басынан бастап ел бойынша 54 есірткі қылмысы анықталды.

Олардың ішінде есірткі сатудың 29 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың жеті фактісі, үш контрабанда фактісі және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің жеті фактісі бар. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 250 килограмнан асады. Бұған 214 кг марихуана, 5 кг гашиш және 31 кг синтетикалық есірткі кіреді, – деді департамент басшысы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды. 35 жастағы ер адам ұсталып, одан 300 грамнан астам мефедрон және 36 келі прекурсор табылды.

Екібастұзда да синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды. Екі жергілікті тұрғын курьерлерді тарта отырып, есірткіні интернет арқылы сатуды жоспарлаған. Елордада есірткіні жарнамалайтын QR-кодтары бар стикерлерді жапсырумен айналысқан 27 жастағы әйел ұсталды. Ақмола облысында есірткіні өз үйінде және жалға алынған жертөледе сақтаған 54 жастағы ер адам құрықталды. Одан 34 келі марихуана және 2 келі гашиш тәркіленді. Атырауда 38 жастағы ер адам мен 28 жастағы әйел ұсталды. Олардан синтетикалық есірткі салынған 81 орам табылды. Қостанай облысында 25 синтетика орамы бар 16 жастағы студент ұсталды. – деді ІІМ ресми өкілі.

ІІМ бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға