ІІМ «Менің полициям» жобасын бастады
Жоба полицейдің позитивті образын қалыптастыру және полицей мамандығына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған
5-11 қыркүйек аралығында балалар жылы аясында, сондай-ақ Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында «Менің полициям» ақпараттық-имидждік жобасы өтеді, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жоба полицейдің позитивті образын қалыптастыру және полицей мамандығына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Жобаның шарты бойынша бала полицияда қызмет ететін ата-анасының жұмыс орнына келіп, бір күндік жұмысымен танысады.
Материалда бала полицияның бір күндік тынысын, көзбен көрген қызықты сәттерін өз пайымымен баяндау қажет. Аталған жобаға мектеп жасындағы балалары бар (8-14 жас аралығында) полицейлер отбасы қатыса алады.
Бейнематериалдың сценариін аумақтық ПД өз қалаулары бойынша түрлендіріп, еркін форматта өткізуіне болады, хронометражы 1,5-2 минуттан аспауы тиіс.
«Мен полициям» атты бейнематериалдар әлеуметтік желілерде, республикалық және жергілікті БАҚ-та жарияланатын болады.
