Жаңалықтар

ІІМ мен ҚМА қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен күресу үшін бірігеді

ІІМ мен ҚМА қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен күресу үшін бірігеді
Фото: Polisia.kz 26.08.2024 09:06 346

Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, құжат кірістерді жылыстатудың жоғары қаупімен байланысты қылмысқа қарсы күресте ведомстволар арасындағы тығыз өзара іс-қимылды көздейді.

Келісім шеңберінде қаржы мониторингі органдарының қызметкерлері полицияның жедел-тергеу топтарының құрамына кіріп, сондай-ақ «follow the money» қағидаты бойынша қаржылық тергеу әдісі енгізілетін болады. Мұндай ынтымақтастық күрделі қаржылық схемаларды және қылмыстардан пайда табатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Министр Ержан Саденов қылмыс киберкеңістікке көшу арқылы өзгерістерге ұшырағанын, қылмыстық жолмен келген кірістерді жылыстату үшін көлеңкелі құралдар пайдаланылатынын атап өтті.

Бүгінде Астана мен Қарағандыдағы ведомствоаралық жедел-тергеу топтары есірткі саудасынан түскен ірі кірістерді заңдастыру және притондарды ұстау фактілерін сәтті анықтаған оң мысалдар бар, – деп атап өтті ол.

ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов Агенттік ІІМ-ді қаржылық қылмыстармен күресте сенімді серіктес ретінде көретінін атап өтті. Ол екі ведомствоның бірлескен іс-қимылы қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін пайдаланылатын қаржылық схемаларды тиімдірек анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретінін айтты.

Ведомство басшылары олардың осы бағыттағы бірлескен жұмысы қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы тұрудың жаңа деңгейін қамтамасыз ететініне сенімді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға