ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі кезекті рет жол жүрісіне қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ белгіленген нормалар мен қағидаларды сақтау өте маңызды екенін еске салады. Себебі қаңтар айында көптеген ірі жол апаттары тіркелген.
Негізгі себеп – көріну мүмкіндігінің төмендеуі кезінде қауіпсіз жылдамдықты сақтамау. Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін көлік ағыны көп жол учаскелерінде жылдамдықты шектеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Астана – Щучинск және Астана – Қарағанды бағыттары бойынша 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты сағатына 60 шақырымға шектеу» жол белгілері қойылды. Олар нашар көріну, көктайғақ немесе басқа да ауа райы факторлары жағдайында ғана қосылады. Көктайғақ, боран, тұман немесе жалпы қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы хабарламадан кейін бұзушылықтарды тіркеу камераларының параметрлері көрсетілген жылдамдыққа өзгертіледі, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар министрлік өкілі ауа райының нашарлауы туралы ескертулерде, бұдан бөлек «Яндекс», «2GIS», «Indrive» және басқа да қосымшаларда енгізілген жылдамдық шегі туралы ақпарат көрсетілетінін, ал жолдарды ашу кезінде шектеулер алынып тасталатынын еске салды.
Біз баршаңызды жол ережелерін қатаң сақтауға және ауа райының өзгеруін ескеруге шақырамыз. Сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі жолдағы қырағылығыңыз бен жауапкершілігіңізге байланысты екенін еске салғым келеді. Жылдамдықты асырмаңыз, жолда сабырлық пен түсіністік танытыңыз. Бірлесіп қана біз жолдарымызды қауіпсіз ете аламыз! - деді ол.