ІІМ интернет алаяқтыққа шектеу қоя алмай отыр – депутат

ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ұлттық құрылтайда талқыланатын маңызды мәселелер жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қарапайым халық интернет арқылы алдау-арбаудың құрбанына жиі айналады. Алайда, бұл мәселеде банктер де, Ішкі істер министрлігі де тиісті деңгейде әрекет ете алмай жатқанын атап өтті.
Қарапайым халық алданып қалып жатыр. Банктер оған тосқауыл қоя алмай отыр. Тіпті, ішкі істер министрлігінің өзі бұл мәселеде қауқарсыздық танытып отыр. Сондықтан біз мемлекет есебінен өзіміздің азаматтарымызды қорғауымыз керек. Олардың жеке мәліметтерін қорғау қазір күн тәртібінде тұрған мәселе. Тіпті менің өзімнің жақындарым осындай жағдайға жиі тап болады, - деді Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, мемлекет киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін қолға алуы тиіс.
Қажетті органдардың бәріне арнайы жабдықтарды алу керек. Мамандарды оқыту керек. Қазір қылмыс деген виртуалды кеңістікке өтіп кетті. Біздің де құқық қорғау органдары солармен күресетіндей деңгейлес жабдықталу керек, - деп түйіндеді депутат.
