Жаңалықтар

ІІМ білім күніне орай «Жалпы құқықтық білім беру» акциясын өткізді

Акция кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және олардың арасында қылмыстың алдын алуға бағытталды
ІІМ білім күніне орай «Жалпы құқықтық білім беру» акциясын өткізді
Фото: gov.kz 02.09.2022 11:41 1176

ІІМ білім күніне орай «Жалпы құқықтық білім беру» акциясын өткізді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Білім күніне орай ІІМ ел мектептерінде «Жалпы құқықтық білім беру» акциясын өткізді. Ол кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және олардың арасында қылмыстың алдын алуға бағытталған.

Акция аясында бүгін елорданың №22 мектеп-гимназиясына ведомствоның Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов келді. Акт залында оқушыларды жинап, полиция генерал-майоры олар үшін арнайы қызықты дәріс өткізді.

«Ішкі істер министрі Марат Мұратұлы Ахметжановтың тапсырмасымен еліміздің мектептерінде 5 мыңнан астам тергеуші құқықтық білім беру ашық сабағын өткізді. Кездесу барысында жоғарғы сынып оқушыларына қылмыстық жауапкершілік туындайтын жас мөлшері, есірткінің денсаулыққа зиянды әсері және заңнамадағы өзгерістер туралы айтып өттік. Біздің жастар өте мейірімді. Біздің жастар өте дарынды. Оларды болашақта бақыт пен жақсылық күтеді деп сенемін», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Сондай-ақ тәртіп сақшысы жасөспірімдер арасындағы нашақорлық сияқты өзекті тақырыпты көтерді. Есірткінің ағзаға келтіретін залалы және оны тұтыну мен тарату неге әкеп соғатынын түсіндірді. Одан бөлек полицей жеткіншектерді сақ болуға, әрбір басқан қадам мен жасаған әрекетке жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Біздің мектепке ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Әділов Санжар Әскенұлы келіп, құқықтық жалпы оқыту бойынша сынып сағатын өткізді. Бұл өте қажет, өйткені балалар демалыстан келді. Біз ІІМ-ге мектептегі іс-шараларға қатысқаны үшін алғыс айтамыз. Біз әрқашан ашықпыз», – деді №22 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Нұрғалиева.

Өз кезегінде оқушылар да полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, кездесуден түйгендерімен бөлісті.

«Бүгін бізге сынып сағатына полиция генерал-майоры келіп, заңдар туралы айтып берді. Бізге оқушылардың есірткіден аулақ болуы қажеттігін және «синтетикалық» заттарды пайдаланбау керек екенін түсіндірді. Олар бір тұтынғанған бастап тәуелділік тудырады. Сондай-ақ бізге арнайы ерлік сабағы өткізілді», – деді 9-сынып оқушысы Тимур Жаңабай.

Айта кету керек, мұндай кездесулер балалардың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы үшін өте маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға