ІІМ «ақылды» камералардың адамның бет-әлпетін қалай анықтайтынын көрсетті
Ұлттық бейнемониторинг жүйесі Қазақстанның екі қаласында іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленді.
Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіре алады, - делінген мәліметте.
Ведомство «ақылды» камералардың назарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтары сияқты нысандар барын қоса кетті. Жүйе өз тиімділігін көрсетіп те үлгерген.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды. Бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталды. Осыған ұқсас жұмыс Алматыда жүргізіліп жатыр. Онда осындай 30 адам анықталып құрықталды, - деп қосты министрлік.
Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда меншік түріне қарамастан елімізде 1 млн 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған.