Жаңалықтар

III.Шалкиіз жырау

Шалкиіз туындыларында нақтылай көрсетілетін оқиғалардың бірі – Орманбет бидің дүниеден озуы.
31.03.2014 05:05 4671

Шалкиіз шығармашылығының басты сипаттарының бірі – жыраудың өмірлік жәйттерді жинақтай суреттеп, философиялық ой түйіндерін ұсынуға да, нақты құбылысты яки қаһарманды даралай бейнелеп, оның өзіндік қасиеттерін айқындай көрсетуге де аса шеберлігі. Сондай-ақ, ол қажетті тұстарда аталған тәсілдерді бірімен бірін ұштастыра, бірінен бірін өрістете қолдануға да қабілетті.

Жыраудың нақты бейнелер жасалған жыр-толғауларына зерделей зер салсақ,оның өзі тірлік кешіп,қалың оқиғаларының бел ортасында жүрген тарихи кезеңнің, сонымен бірге оның өзі етене араласқан тарихи тұлғалардың шынайы бейнелерін танимыз. Бұл жағдай қазақ халқының жеке ел болып, тарих сахнасынашыққаналғашқыкезеңіндегіөмірсалтын,халықтың арман-мұратын, қастерлісі мен қасиеттісін, мадақтағаны мен мансұқтағанын жете танып-білуге мүмкіндік береді. Шалкиіз жыраудың мұндай туындыларының легін Орманбет биге, Ер Шобанға, Би Темірге қатысты жыр-толғаулары түзеді. Бұл қатардағы шығармалардан сол дәуірдің бейнесі көрінеді. Аталған жыр-толғауларды осы ретпен қарастыруды көздегенде біз оқиғалардың болуы ықтимал уақытын ретімен келтіруді ойладық.

Шалкиіз туындыларында нақтылай көрсетілетін оқиғалардың бірі – Орманбет бидің дүниеден озуы. Бізге дейін сақталып, жеткен жырдың үзіндісіне қарасақ, бұл жырда суреттелген жағдайлардың екі кезеңге бөліне бейнеленгенін байқаймыз. Оның біріншісі – Орманбет бидің билік еткен тұсы, екіншісі – ол көз жұмғаннан кейінгі жылдар. Жыр құрылымының осылай түзілгенін:

Балпаң, балпаң басқан күн, Бай ұлынан асқан күн,

Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн, –

деп келетін бөліктен-ақ аңдаймыз.

Осы орайда «Жырда көрініс тапқан нақты жылдар қай уақыттараралығын қамтиды?» деген сұраққа жауап іздер болсақ, бірден айту абзал, бұл жылдарды нақты көрсетуде бірізділік жоқ. Әртүрлі болжамдар айтылады. Осы мәселеге арнайы назар аударған әдебиет зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаевтың: «1380 жылы Берке тұсында Алтын Орда құлап, қазақ пен ноғай бөлінеді. Сары ноғайлар Қазан, Қырым, Қасымов хандықтарын, Сібірдегі қара ноғайлар Орманбет хандығын жасайды. Маңғыстау жеріндегі Едігеден тарайтын маңғыттар «Ноғай ордасы» деген бірлестік құрады. Олар Алтын Орда билігі бізде қалды деп, өзбек, қазақ тайпаларын өздеріне қаратуды ойлайды», – деп жаза келіп, ой бағытын: «...Бізде ноғайлының бүлінуін қай кезеңге жібереміз деген мәселе анық емес. Алтын Орданың құлау кезеңінде (1380) болған ба, әлде Тоқтамыс пен Едіге тұсында (1406-1419) болған ба? Болмаса, Әбілқайыр кезінде ме, әлде өзбек, қазақ тайпалары Еділді тастап, Сыр бойына көшкен жылдары (1496) болды ма?» – деген мәселеге бұрады да, ой қорытындысында: «...Орманбет ханның өлтірілген кезі десек, онда ХVІ ғасырдың аяғы болып шығады. Асылы, ноғайлы ұлысының бүлінуі 1500 жылдан бұрын басталса керек», – деп түйіндейді. Белгілі әдебиет тарихшысының осы пікірінің өзі аталмыш кезеңге қатысты нақтылықтың кемшіндігін танытады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға