Жаңалықтар

ІІІ. Кірме (бүлдіргі) таңбалардың талданымы

Жазу қазақ тілінің морфем (түбір мен қосымшалар) желісін үзбеу керек. Мысалы, қазақ тілінің «егер түбір дауыссызға бітсе, қосымша дауыстыдан басталады» деген іргелі заңдылығы бар.
01.03.2014 07:53 3301

4. Жазу қазақ тілінің морфем (түбір мен қосымшалар) желісін үзбеу керек. Мысалы, қазақ тілінің «егер түбір дауыссызға бітсе, қосымша дауыстыдан басталады» деген іргелі заңдылығы бар. Сонда мың – мы-ңы, сұр – сұ-ры тәрізді мый – мы-йы, сұу – сұ-уы  болып, тіл жүйесі бұзылмайды.

Қазақ тіліндегі дифтонгтардың фонологиялық мәртебесін (статусын) анықтау бүгінгі қазақ фонетика ғылымының өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені бұл мәселенің теориялық және практикалық маңызы қатар өзекті (актуал) болып отыр. Мәселенің теориялық шешімі қазақ тілі дыбыстарының құрамын дәл анықтап, «қазақ тілінде қанша дауысты дыбыс бар?» деген сұраққа нақты жауап тауып беретін болады.  Ал оның практикалық шешімі қазіргі қазақ жазуындағы қайшылықтардан арылуға мүмкіндік береді.

Жазуда и, у әріптерімен таңбаланып жүрген дыбыстарға, бір жағынан, «дауыстыдан кейін дауыссыз, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарындағы жаңсақ анықтамамен қатар, екінші жағынан, олар «дауысты мен дауыссыздың тіркесін белгілейтін таңба» деген академиялық грамматикадағы ақиқат анықтама беріледі. Біз бұл жерде қазақ тілі оқулықтары мен ғылыми грамматикаларында кездесіп жүрген бір-біріне қарама-қарсы пікірлердің негізгілерін ғана келтіріп отырмыз.

Өзара артикуляциялық үйлесімі күшті, естілімі ұқсас болып келетін қысаң дауыстылар мен үнді дауыстылар тіркесінің құрамды бөліктерін ажыратып алу оңай болмайды. Оның үстіне орыс тілінің ы, и, у дауыстыларының естілімі мен қазақ тілінің ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінің естілімі өзара ұқсас болуы да өз әсерін тигізді. Кезінде қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у таңбаларын жазу туралы тоталитарлық ереже қабылдауға да, сөз жоқ, осы жай себеп болған. Олардың құрамды бөліктерінің жігін ажыратудың бірнеше тәсілі бар.

Солардың бірі – морфем талдау: егер өзге морфем жігі анық тіркестермен ұқсас келсе, яғни тіркесім сыңарларының арасынан морфем жігі өтетін болса, онда олар дербес-дербес дыбыстардың тіркесі болып саналады.

Ендеше, бірінші, морфем жігі анық тіркестермен салыстырып шығамыз. Төмендегі әртүрлі түбір морфем дыбыс құрамының әртүрлілігіне қарамай, бірыңғай тілдік бірліктер болып табылады (көпшілікке түсінікті болу үшін тіркес транскрипцияларын да кирилше беріп отырмыз):

 ай [ай], әй [әй], ей [ей], ой [ой], өй [өй], ұй [ұй], үй [үй], и [ый], и [ій]

 Алғашқы жеті сөздің (тіркестің) дыбыс құрамына ешкім күманданбайды, ал соңғы и арқылы жазылып отырған сөзге (тіркеске) келгенде күмән басталады. Шындығында,  барлығы ды әртүрлі дауысты дыбыстар мен үнді, жуысыңқы, тіл ортасы (тілшік) й дауыссызының тіркесі болып келеді. Егер ай  немесе үй  тіркестерінің дыбыс құрамына күман туғызбайтын болсақ, онда солармен теңдес ый, ій тіркестерінің де дыбыс құрамына күмәнданбауымыз керек.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға