Жаңалықтар

III. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

Жыраудың бұл шығармаларының қай-қайсында да Есім хан ұнамсыз кейіпте жырланғандай көрінгенімен, Есім ханның ел билеу ісінде алалауға жол бермегенін, елді хан деп, қара деп бөлмей, баршаға бірдей әділеттіқарағанын аңғару қиындық келтірмейді.
31.03.2014 06:00 5294

Жыраудың бұл шығармаларының қай-қайсында да Есім хан ұнамсыз кейіпте жырланғандай көрінгенімен, Есім ханның ел билеу ісінде алалауға жол бермегенін, елді хан деп, қара деп бөлмей, баршаға бірдей әділеттіқарағанын аңғару қиындық келтірмейді. Мәселен, інісі Жолымбетке араша түсуге келген Жиембет:

«Әмірің қатты Есім хан, Бүлік салып бұйырдың «Басын бер,- деп,- батырдың», Қанын ішіп қанбаққа, Жанын отқа салмаққа. Атадан жалғыз мен емес, Хан ие, ісің жол емес. Жолбарыстай Жолымбет Құрбандыққа қол емес», – деп сөз бастайды.

Ал келесі бір толғауында:

«...Мен өлсем, құнсыз кетер деме сен, Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген Тілеуберді құлыңдай!

Тілеуберді құлың мен емес, Мұның, ханым, жөн емес. Менің ер екенімді көргенсің, Әуелден бірге жүргенсің...» – деп, өткен күндердегі істерді еске салады.

Екі үзіндіде де ой қозғауға түрткі болып тұрған себеп – жазалану мәселесі. Екінші үзіндіде айтылатын Тілеуберді – хан билігі бойынша жазаланған жан, ал бірінші үзіндідегі Жолымбет – жазалануға тиісті жан. Осы екі адамға қатысты Есім ханның ұстанымы – біреу-ақ, яғни қандай адам болса да, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек.

Толғауда аты аталатын Тілеубердінің не үшін жазаланғаны туралы тарихи дерек те жоқ, Жиембет жыраудың толғауында да айтылмайды. Дегенмен, Тілеубердіні жазаға кескен сәтте араша түспеуіне қарағанда, оның жазаға лайықтылығына жыраудың өзі де келісетін сыңайлы. Олай болса, хан қазынасына қол салған Жолымбетке байланысты хан кесімі неге өзгеруге тиіс? Ел ішінде әділеттілікке сенім орнығу үшін Заң ұстанымы да, Хан ұстанымы да тұрақты болуы шарт. Екі жағдайда да Есім хан осы мағынадағы ұстанымын сақтағаны байқалады. Нәтижесінде – сол сәтке дейін ақыл қосқан серігі, білек қосқан батыры болып келген Жиембеттей қадір­лі тұлғадан айырылғанымен, тұтас ел ішінде тәртіптің баршаға бірдей екендігіне сенім қалыптасты. Жырау мен хан арасындағы осы келіспеушіліктің өзінен-ақ ел жадында «Есім ханның Ескі Жолы» деп құрметтеле айтылатын мемлекеттік Заңның оңайшылықпен орныға қалмағанын бағамдауға және Есім ханның қаталдыққа барса да, әділеттен таюға бармағанын байқауға болады.

Жиембет жыраудың «Әмірің қатты Есім хан...» және «Еңсегей бойлы Ер Есім...» деп басталатын екі толғауы да ханға бетпе-бет кездесу үстінде айтылса керек. Бұл жағдай Жиембет жыраудың хан алдында батыл-батыл ой айтудан тайсалмайтын жүректілігін танытумен қатар, Есім ханның ел сөзін тыңдауға әзір билеуші болғанын да көрсетеді.

Мазмұны Жолымбетке араша түсуге бағытталған «Әмірің қатты Есім хан...» толғауының екінші бөлігінде Жиембет жырау:

«...Қаһарыңды басқалы Қалың елім жиылды. Бастап келген өзге емес, Жиембет-сынды биің-ді. Малын салып алдына, Әр саладан құйылды...» – деп сөз қозғайды.

Үзінді мазмұнын тармақтай бермей-ақ, негізгі салмақ салынғанойға назар қойсақ, араша сұраушы жырау елді бастап келген өзі екеніне баса мән бере және айыпкердің айыбы үшін құн төлеуге әзір екенін аңғарта тіл қатып тұр. Жиембет толғауларының ешқайсында да жыраудың өзі «батыр» деп бағалаған Жолымбеттің ел үшін жасаған батырлықтары сөз болмайды, оның есесіне, жыраудың өзінің еңбектері және өзіне қарайтын қалың елі бар екені жиі алға тартылады. Алайда Жиембеттің де, Жолымбеттің де жазаланғанын ескерсек, Есім хан үшін маңыздысы мал да, дәулет те емес, бір елде бір ғана тәртіп болуын діттеген айқын мақсат болғанына тағы да көз жеткіземіз.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға