Жаңалықтар

III. Астана ономастикасы

Астана ономастикасының ескі мұрадан қол үзуі мен этнодемографиялық үдеріс арасында тығыз себеп-салдар байланысы бар.
01.03.2014 09:08 2925

Жалпы, билік пен билеушінің тарихта алар орны, тарихи үдерістің бағыты мен нәтижесін қалыптастыруға ықпалы орасан зор. Билік қаласа, адамзат қоғамының дамуына қайшы эксперименттерді жүзеге асыра алатынын кеңестік-большевиктік жылдар толық дәлелдеп берді.

Демек, Елорда басшылығының ономастика саясаты мен шараларында мемлекеттік-ұлттық мүддені көздегеніне қоса зиялы қауымның интеллектуалдық әлеуетіне сенгені әрі арқа сүйегені толымды түпкі нәтижені дүниеге әкелді.

Астана ономастикасының ескі мұрадан қол үзуі мен этнодемографиялық үдеріс арасында тығыз себеп-салдар байланысы бар. Бас қала тұрғындарының сандық динамикасы мен құрамында қазақтың үлесі артып келеді. Елорданың қазақтану қарқыны Алматыдан да жоғары. Келіп жатқан қазақтардың негізі дені – оқығандар, тәуекелшіл жандар. Осылардың арқасында қалада шаңырақ көтерген біліми, ғылыми, мәдени ошақтар – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық музыка академиясы, Президенттің мәдени орталығы, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық мұрағат, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, К.Байсейітова атындағы опера және балет театры,  тағы басқалары аз уақыт ішінде аяғынан тік тұрып кетті. Астана қазақтарының сандық және сапалық өсуі елішілік бәсекеге қабілеттіліктің артуымен көмкерілгендіктен ғасырлар еншісіндегі ономастикалық қарызды қайтаруға себеп болғаны айдай ақиқат.Целиноград тұсында қалалықтардың бестен бірі ғана қазақтар болғандықтан әрі Мәскеудің сөзін сөйлейтіндер билік басына жайғасқандықтан ұлттық руханият мұқтаждығы ескеріле бермегенін былай қойғанда, қала ономастикасы бөтеннің атау – есімдерімен аяусыз былғанғаны бүгінде ашу-ыза туғызбауы керек.  Қайта сыртқы өктем фактор сап тиылғанда, мемлекет құраушы ұлттың үлесі бестің төртін құрағанда Елорда ономастикасының қарқынды жаңғыруы ұзыннан – өш, қысқадан – кек қайтару емес, тарихи-өркениеттік таңдауымыз бен серпілістерімізге бөгесінді ысырып тастағанымыздың нышанындай қабылданғаны жөн.

Халық даналығы: «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Қоғамның даму заңдылығында ол өзінше көрініс табады, яғни әділетсіздік пен қысым қай салада шегінен шықса, тап сол салада қарсылық пен кері серпіліс қуаты да зор болмақ. Демек, екі ғасырға жуық Ақмола мен Целиноградтың рухани – ономастикалық келбетін ұлтсыздандыру, тамырсыздандыру империялық өктемдікпен жүзеге асырылса, азаттықпен өркендеген қазақтың жасампаздық әлеуеті, демографиялық өсуі өлгенімізді тірілтпесе де, өшкенімізді қысқа мерзімде жандыра алды.

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға