III. Алаштың Астанасы және ұлттық идея
Президент сөзінің соңы көп ұлтты халыққа береке-бірлік жарасатынын баса көрсетумен түйінделді. «Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», - деді ол. КСРО-ның ыдырауын тездеткен ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрғанда, желтоқсан жарасы жазылмаған тұста азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Ұлттық идеяның көздегені де халықтарды ара-дара қылу емес, тұтастыру ғой.
Әрине, азаттықтың алғашқы ақ таңында ақтарылған жан тебіренісінде ұлттық идея ұғым-түсінігі қолданылған жоқ. Еуропоцентристік идеологиялық қысымнан ұлтсыздануға шақ қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бірақ ұлттық идеяның болмыс-бітімі Қазақ елі, Азаттық, Бірлік екені тайға таңба басқандай дараланды. 17 желтоқсанда айтылған көреген сөздер сол күні кеште тағы бір қырынан дәлелденді. Мәселе Н.Назарбаев пен Алматыға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер арасындағы кездесу. Екі басшы өз мемлекеттерінің мүддесі биігінен келіссөз жүргізгені түсінікті жайт. Сондағы байқағанын және ойтүйінін мұхиттың арғы жағынан келген қонақ былайша қағазға түсіріпті: «... Назарбаевпен болған әлгі үш сағаттық жолығысуымның бұған дейінгі өткізген жолығысуларымның ішіндегі ең жақсысы болғанын іштей сезіндім. Ол ешбір асыра бағалаусыз-ақ айта қаларлықтай әсер қалдыратын айтулы лидер екен... Назарбаев керек нәрсені дәл көре алады, түсінікті нәрсені жүзеге асатындай жүйелі жолға қоя алады».
Осылайша, бар-жоғы қазірге дейін пікірталас туғызып жүрген ұлттық идеяның сүлбесі жүйелік дағдарыс шарықтау шыңына жеткен, алда не тосып тұрғаны белгісіз, тәжірибе мардымсыз, бәзбіреулерді пессимизм иектеген тұста ел астанасы – Алматыда дүниеге келді. Тағдыр анықтағыш сәтте Қазақстан халқы, әрине, ең алдымен қазақ халқы сабырлық танытып, асқанның да, сасқанның да сөзіне ермей, Алаштың бас қаласында айтылған ұлағатты сөздерге қонақ берді, бүкіл ел сайлаған тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың таңдауына ұйыды, уәжіне құлақ қойды, өз болашағын сеніп тапсырды. Халық пен Биліктің арасындағы өзара риясыз сенімнің арқасында, бай, дамыған мемлекетке айналып кетпесек те, Қазақстан әлемге мәшһүр табыстарға қол созды.
Президент те барын салды. Пәтерлерді жеке меншікке беруден ұлттық қауіпсіздік қалқаны – Қарулы Күштерді жасақтауға дейін бақылауға алып, тікелей араласты. Мемлекеттік басқару органдары жүйесі әлденеше рет реформаланды, әртүрлі топтар мен қоғамдық қозғалыс өкілдерімен, шахтерлармен, дихандармен, студенттермен, зиялы қауыммен жиі-жиі кездесу өткізіп, елді дағдарыстан шығарудың амалын ойластырды, Қазақстанның әлемдегі орнын табуға, ТМД ықпалдастығын қалыптастыруға күш-қайратын аяусыз жұмсады. Айталық, 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру жоспарын ұсынды. Осы жылдың ішінде ғана Мәскеуде, Давоста, Венада, Индияда, Пәкістанда, Бішкекте, Вашингтон мен Нью-Йоркте, Хельсинкиде, Анкарада, Берлин мен Парижде, Тегеранда ел мүддесін көздеген халықаралық келіссөздер жүргізді. Менің пайымдауымша, тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылы – Президенттің мемлекеттік қызметтегі тағдырының ең ауыр, ең қиын кезеңі.
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.