Жаңалықтар

II.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

Демек, 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы – ызалы елдің бірігіп, өзінің дербес өмір салтын түзуге деген ұмтылысының жемісі.
31.03.2014 09:59 4000

Осы жағдайларға қарасақ, жыраулар поэзиясының өзіндік үрдіс-үлгісі ХV ғасырдан бұрын, яғни Сыпыра Сұрғалтайұлымен қатар жасаған жыраулардың шығармаларында қалыптаса бастағанына ден қоюға болады. Егер жыраулар поэзиясының Қазақ хандығы тарих сахнасына шықпай тұрып пайда бола бастағанына ден қойсақ, онда қазақ халқының ұлт ретінде ұйыса бастауын да ХV ғасырға дейінгі кезеңнен іздеу орайлы болмақ. Өйткені қандай да бір ұлттың жеке ұлт екендігін айғақтайтын факторлардың бірі сол ұлттың өзіне ғана тән тілі, мәдениеті екендігі белгілі. Ал жыраулар поэзиясының Қазақ хандығына дейін де көрініс беруі Әбілқайыр ханның билігі аясында тірлік етіп жатқан сан түрлі жұрт арасынан белгілі бір рулар мен тайпалардың өмір салты, мақсат-мұраты тұрғысынан бір арнада тоғыса бастағанын танытады. Демек, қазақ халқы ХV ғасырға дейін-ақ жеке ұлт ретінде ұйысып, мақсат-мүддесі мен өмір салты ортақ жұрт ретінде тірлік ете бастаған. Ал 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы – сол ортақ мақсаттың тарихи шешім табуы. Бұл ойдың шындықтан алшақ кетпейтінін Сыпыра жыраудың толғауынан алынған сөздер де тиянақтай түседі:

...Мен дүниеге келгенде Әділетсіз хан көрдім, Сауға болған дұшпанға Есепсіз жүрген мал көрдім. Алла тағала әмбеге Бөліп берген ырысты. Соның үшін, хан ием, Көксемегей ұрысты. Бейнетпен мал жинаған Мәртебесі мол болар. Бейнетқордың малы өсер, Тама-тама көл болар. Момын елдің жаны өсер, Ақырында ел болар.

Жанжалкеш ел жауласып, Жұрт арасы қан болар. Қара жермен тең болар. Ұрысты онша көксеме, Етек тарылып жең болар. Бағы тайса еліңнің, Қақаған қыс болса да, Мұз айырылып сең болар. Момын елге тимегін, Кеуілінде мұңлы шер болар. Ерегісіп қоймасаң, Ызалы ел бірігіп, Қылыш алып қолына, Қатыны да ер болар, Сеніменен тең болар. Күшейіп кетіп ел сенен, Етек-жеңің сел болар.

Толғаудан ұзақтау үзінді алып отырған себебіміз – Сыпыра жырау өмір сүрген жылдардағы ел тірлігінің қандай сипатта болғанына, елдің нені көксегеніне ой көзін жүгірту. Үзіндідегі «Мен дүниеге келгенде...» деп басталатын тармақтан «Етек тарылып жең болар» деген тармаққа дейінгі аралықта айтылған мазмұнға қарасақ, ел билеген әміршінің халыққа тізе батырған өктемдігін, ұрыс-жанжалға құмарлығын, соның салдарынан ел ішінде берекесіздік орын алғанын аңғарамыз. Осыдан кейінгі толғау жолдары берекесіз тірліктен қажыған елдің ырзықты-несібелі өмір сүруді арман еткенін аңдатады. Ел көңілінде басқаша өмір үрдісін орнықтыруға мүдделі ниет туа бастағанын төмендегі жолдар әсіресе анық көрсетеді:

...Ызалы ел бірігіп, Қылыш алып қолына, Қатыны да ер болар, Сеніменен тең болар. Күшейіп кетіп ел сенен, Етек-жеңің сел болар.

Демек, 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы – ызалы елдің бірігіп, өзінің дербес өмір салтын түзуге деген ұмтылысының жемісі. Ал жырау айтып отырған «ызалы ел» – өктем ханның тізесі батқан рулар мен тайпалар. Осы жағдайларға ден қойсақ, дербес Қазақ хандығының сүйегін құраған жұрт осы «ызалы ел» екенін бағамдаймыз.

Ал әділетсіз хан билігінен әбден қажыған «ызалы елдің» ортақ мұратқа жұмылып, дербес ел ретінде өмір сүруге талпынуына ықпал еткен, басқаша айтқанда, «әділетсіз хан» билігі астында «кеуілі мұңлы шерге» толған «момын елдің» тәуелсіз жаңа мемлекет құруға мүдделі болуына идеологиялық негіз салғандар сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жыраулар болғаны анық.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға