II.Шалкиіз жырау
Осы жолдардағы «мөрлі ала тас» тіркесінің мәніне зер салсақ, жыраудың Би Темір жанында көп қосшының бірі емес, түйінді уәж иесі болғанын көреміз. Яғни, Би Темір шешімінің қай-қайсы да Шалкиіз тарапынан қолдау тапқан жағдайда ғана «мөрмен бекітілген жарлықтай» маңыз иеленген. Бұл тұста жырау қолданысындағы «мөрлі ала тас» – сөз ыңғайында айтылып қалған әшекейлі тіркес емес, жыраудың ел билеушілері арасында еншілеген орнын меңзей танытатын мағыналы ұғым. Ал ноғайлы әміршісін ауызына қарату үшін сөз зерлеген ділмар болумен қатар, ой тереңіне бойлаған парасат иесі, сондай-ақ, елдің көксейтіні мен ханның көздегенін қапысыз танитын сұңғыла саясаткер болу қажеттігін ескерсек, Шалкиіз жыраудың осы талаптар үдесінен табылған тұлға болғанын пайымдаймыз.
Қараға да, ханға да уәлі сөз айта білген Шалкиіз жырлары тарих қойнауында қалып қоймай, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, біздің дәуірге дейін жетуінің өзі оның жыр-толғауларының қазақ тағдырымен, елдің арман-мұраттарымен етене ұштасып жатқандығын айғақтайды. Бірнеше ғасырлар аралығында ел жадында жатталып, ел ауызында сақталып келген оның жыр-толғауларына ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс ориенталистері де назар аудара бастады. Өйткені Шалкиіз жырларында қазақ өлеңінің көркемдік сипаттарымен бірге қазақтың халықтық болмысына тән ерекше қасиеттері де айшықтала көрінетін. Орыс ғалымдарының жырау жырларына зер салып, баспа бетінде жариялауға ұмтыла бастауының бір сыры осы жәйтке байланысты болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, Шалкиіз туындылары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан беріде хатқа түсе бастады.
Жырау шығармаларының алғаш жарияланған мәтіндері «Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас күспен шалдырып...» деп басталатын толғаулары болды. Би Темірге арналған бұл толғаулар 1875 жылы Ресей География қоғамының орынборлық бөлімшесінің «Жазбаларында» қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген болатын. Бұдан кейінгі аралықта Шалкиіз жырау шығармаларының жекелеген нұсқалары 1885 жылы Орынборда орыс тілінде шыққан «Қазақтың эпостық және лирикалық поэзиясының үлгілері» жинағында, А.Харузиннің 1886 жылы Мәскеуде жарық көрген «Киргизы Букеевской орды» жинағында, 1893 жылы «Астраханский вестник» журналында, В.В.Радловтың 1896 жылы Санкт-Петербургте басылған «Образцы» жинағының VII томында жарияланды. Шалкиіз жырларын 1879 жылы Ы.Алтынсарин өзінің “Қазақ хрестоматиясына» енгізеді. Ресей География қоғамының «Жазбаларында» басылған Шалкиіздің Би Темірге арнаған толғауының тағы бір нұсқасын М.Бекмұхамедов 1908 жылы Қазанда басылған «Жақсы үгіт» жинағында ұсынады. Жырау толғауларының нұсқалары Ғ.Мұштақ құрастырған «Көксілдір» жинағына еніп, 1911 жылы Орынборда жарық көрсе, енді бір толғау-жырлары 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Шайыр» жинағында, А.Берқалиұлының құрастыруымен осы жылы Қазанда жарыққа шыққан «Ақын» деген жинақта жарияланады. Ал кеңестік дәуірде Шалкиіз шығармашылығына алғаш назар салып, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында жырау толғауын жариялаған С.Сейфуллин болатын. Содан бергі аралықта Шалкиіз шығармашылығы зерттеушілер назарынан қағыс қалған емес. Оның бір себебі Шалкиіз туындыларының бүгінге дейін жеткен үлгілерінің өзі көркемдік, философиялық, тарихи мазмұн мәселелері тұрғысынан жоғары талаптарға жауап бере алуында жатыр.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»