Жаңалықтар

II.Шал ақын

Шал ақынның білімділігі мен дүниетаным кеңістігінің ауқымдылығы, шығармашылық тұлға ретіндегі көрегендігі оған өмірдегі қандайда бір күрделі құбылыстың өзін бейнелі көрініске айналдыра, әсерлі жырлауға жол ашқан.
31.03.2014 11:18 9190

Шал ақынның білімділігі мен дүниетаным кеңістігінің ауқымдылығы, шығармашылық тұлға ретіндегі көрегендігі оған өмірдегі қандайда бір күрделі құбылыстың өзін бейнелі көрініске айналдыра, әсерлі жырлауға жол ашқан. Оның бұл қасиеттері өмір, адам, заман жайындағы шығармаларының қай-қайсынан да айқын көрініп жатады. Мәселен, ол өткінші дүниеде алдамшы қызықтарды қуалаумен уақытын зая кетірген рәсуа ғұмыр образын бір ғана шумақ аясында былайша бейнелейді:

Біздерді алдап келер дүние ғаяр,

Сөйтіп жүріп адамға уын жаяр.

Қолыңды жарты сағат босатпайды,

Бірін тапсаң, тұрады бірі даяр.

Шал ақын толғауларына тән ерекшеліктердің бірі би-шешендердің ой жеткізу барысында жиі қолданатын тәсілі бейнелі көріністерді алға тарта келіп, сол көріністерге орай­ластыра ой түйіндеуі болып табылады. Ақынның бұл сипатты толғаулары:

Жарға біткен жаңғақты

Жаннан безген жан жейді,

Қабырғадан саз кешіп,

Жүк сүйреген нар жейді;

Кеудесінен оқ тисе,

Уһ демеген ер дейді;

Өткен қайтып келмейді,

Алғанын құдай бермейді, – деген үлгіде келеді.

Шал ақынның шешендік толғаулармен арналас толғауларының қатары «Бұл өлім қайда жоқ?», «Жер түрлентіп жараттың», «Қорқақ емей немене...», «Ата-ананың қадірін», «Дүния деген шолақ депті», «Ханнан тақыт таярда», «Пұт болдым деп мақтанба» деп басталатын шығармаларынан түзіледі. Бұл толғаулардың бәріне ортақ ой ұсыну үлгісі – негізгі ой салмағын айқын сезіндіру үшін соған дейінгі тармақтарда өмірдің әрқилы көріністерін бірімен-бірін сабақтастыра көрсете келіп, соңғы тармақта түйінді ойды алға шығару болып табылады. Соның бір мысалы:

Пұт болдым деп мақтанба,

Одан да ауыр батпан бар.

Би болдым деп мақтанба,

Асқар ала тау менен

Ар жағында аспан бар... 

...Жеңілсе дұшпан достық қыл,

Аяққа салып баспаңдар.

Ақынның айтпағы – «Асқақтамай, кешірімшіл кішік бол» деген ой. Ал «пұттан ауыр батпан барын, биліктен биік асқар тау мен аспан барын» т.с.с. жағдайларды көрсеткенде, ақынның діттегені – әрнәрсенің салмағы өзге дүниемен салыстыру арқылы бағамдалатынын ұқтыру.

Оның толғауларында шешендік ой жеткізу тәсілдерінің жиі ұшырасуының сыры – Шалдың жаратылысына ақындықпен қатар, шешендік қасиеттің де етене болуында. Бұлайша ой түюге мүмкіндік беретін жәйт –Шал ақын шығармашылығынан таза шешендік дәстүрдегі сөз үлгілерінің де көптеп кездесуі.

Бұл ретте Шал ақынның шешендік өнерге де ден қойғанын байқататын сөз үлгілері – «Жігіт туралы», «Әйел туралы», «Кедейлік туралы», «Көкала көл, нар қамыс», «Шежірелі қартың болса», «Елу – ердің жасы екен», «Бақ, дәулет, мал бітерде», «Байлауы жоқ шешеннен», «Санай берсең жетімді» тәрізді мұралары. Аталған шығармалардың шешендік сөздер екенін аңдау үшін бір мысалға көңіл қоялық:

Байлауы жоқ шешеннен

Үндемеген есті артық.

Бәйге алмаған жүйріктен

Белі жуан бесті артық.

Қазақтың шешендік сөз дәстүріне қанық кез келген адам бұл шумақтың шешендік сөз екеніне шәк келтірмесі анық.

Ақынның кейінгіге сақталып жеткен әдеби мұралары арасында осы іспетті шешендік сөздердің ұшырасып жатуы Шалдың ел ішіндегі дау-дамайлы жағдайларға жиі араласқан, араласып қана қоймай, орайына қарай төрелік сөздерін де айтып жүрген уәлі сөз иесі болғанын айғақтайды. Демек, Шал Құлекеұлын өз дәуірінде әрі жырау, әрі шешен, әрі ақын болған адам ретінде танып, бағалағанымыз уәжіп.

Әйткенмен, оның бойында ақындық қасиеттің басым болғаны анық. Сөз парқын білетін қазақ баласының оны ақын ретінде көбірек тануының сыры да сондықтан.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға