Жаңалықтар

II.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

Тәуке хан дүниеден озғаннан кейінгі жылдары қазақ жеріне сұқтанған жорықтар күшейе түсті.
31.03.2014 06:20 3563

Тәуке хан дүниеден озғаннан кейінгі жылдары қазақ жеріне сұқтанған жорықтар күшейе түсті. Оның бір себебі ойрат-жоңғарлардың европалық үлгідегі зеңбіректерге қол жеткізіп, соғыс қаруларын күшейте түсуі болса, енді бір себебі қазақ хандарының өзара талас-тартысқа жиі-жиі бой ұруы еді.

Қазақ еліне қарсы бағытталған соғысқа сақадай-сай қамданып, алдағы ұрыс-шайқастар болатын жерлердің жағдайына қатысты жан-жақты мәліметтер жинақтаған жоңғарлар 1710 жылы қазақ жеріне басып кіруге қауырт даярлық жасай бастайды. Қауіпті аңдаған қазақтар да қамсыз қалмай, осы жылы Қарақұмда өз Құрылтайын өткізеді. Тәуке ханның басшылығымен өткен осы жиында ақырғы мәміле жоңғарларға қарсы тұру болып белгіленеді де, қазақ әскерінің Бас қолбасылығына қарадан шыққан Бөкенбай батыр сайланады. Хан, сұлтан нәсілінен тарамайтын Бөкенбай – қазақ тарихында халық арасынан шыққан тұңғыш қолбасы болды.

1710 жылы шапқыншылығын бастаған жоңғарларға қарсы тұрған қазақ әскері ел ішіне еніп кеткен дұшпанды біртіндеп ығыстыра жүріп, 1712 жылы біраз жерді өз иелігіне қайтарады. Қазақ-жоңғар майданы аз уақыт саябырсығанымен, 1714 жылы мұқият әзірленген жоңғарлар қазақ әскерін ауыр жеңіліске душар етіп, шығыстағы жерлерге дендеді. Бұл аралықта Тәуке хан дүниеден озып, билік басына Қайып хан келді. Жасы ұлғайған Қайыптың қарым-қайратынан ыға қоймаған сұлтандар арасында тақтан үміткерлер көбейді. Осы жылдары ел ішінде берекесіздіктің бел алуына осы жағдайдың да әсері аз болмады. Тақтан дәмелі сұлтандар арасынан, әсіресе, Әбілқайырдың әрекеттері ерекшелене көрінді. Билік басында болған үш жыл аясында Қайып ханның қолға алған үлкен бір қимылы 1717 жылдың жазында Әбілқайыр сұлтанмен бірлесе, отыз мың сарбаздан тұратын қазақ қолын бастап, жоңғарларға қарсы аттануы еді. Алайда, хан мен сұлтанның бұл жорығы сәтсіздікке ұшырап, қазақ қолы Аягөз өзені бойындағы шайқаста ойсырай жеңіледі.

Әскері әлсіреп, ішкі тірлігі қожырай бастаған елге 1718 жылыжоңғарлар қайтадан шабуылдап, Арыс, Бөген, Шаян өзендері бойында тойтарыс беруге әрекеттенген қазақ сарбаздарын бірнеше мәрте күйрете жеңіп, елдің оңтүстікөңірінде қырғын салды. Дәл осы жылы Қайып хан дүниеден озады. Босаған таққа иелік ету мәселесі де ішкі дау-жанжалдың өрши түсуіне себеп болды. Хан сайлауында сөз ұстаған сұлтандар мен билікті шонжарлар Әз Жәнібек ханның ұрпағы боп келетін Әбілқайыр сұлтанның өркөкірек мінезінен сескеніп, хан тағына Тәуке ханның иі жұмсақ баласы Болатты отырғызады да, Бас қолбасылыққа Бөкенбай батырды сайлайды. Мінезді Әбілқайыр сұлтан бұл ұйғарымға бас ұрмастан, ат құйрығын кесіскендей әрекетке барады да, Кіші жүз билігін жеке-дара өз қолына алады. Сөйтіп, бұған дейін де ел бүтіндігіне сыналап ене бастаған жарықшақ Болат ханның тұсында (1718-1729) әбден ұлғайып, Ұлы жүзде Жолбарыс хан, Орта жүзде Сәмеке хан өздерінің дербес саясаттарын жүргізугекіріседі. Күні кешегі біртұтас хандықта бытырау, ыдырау, жіктелу сияқты келеңсіздіктер бел алады. Ал мұндай ахуал сырттан сұқтанған көршілер үшін аса қолайлы мүмкіндік еді. Олар қолға түсе бермейтін мұндай мүмкіндікті уыстан шығарып алмауға ұмтылатыны шүбәсіз болатын.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға