II.ХVIІ ғасырдағы тарихи жағдай сипаты
Ел тізгінін иеленген Есім хан алдында шешілуге тиіс аса маңызды екі мәселе болды. Оның бірі – Қазақ хандығының құрамындағы рулар мен жүздердің өз ата қоныстарында жұрт түзіп, тірлік етуіне жол ашу, яғни атамекен аумағын толықтай иемденіп, сол кеңістікте қазақ баласының ен жайлап, еркін тірлік кешуін мақсат еткен алдыңғы хандардың жорықты күрестерін жалғастыру. Келесі мақсат – ұланғайыр кеңістікте қоныстанған рулар мен тайпаларды, ұлыстарды бір орталыққа қарату, тұрмыс-тіршілік жағдайларында, алуан сипатты қарым-қатынастарда баршаға ортақ мемлекеттік Заңға жүгіндіру болды. Осы мақсаттарға қол жеткізілген жағдайда ғана Қазақ хандығының керегесі кеңейіп қана қоймай, жүйелі жолы негізделген қуатты мемлекетке айналатын еді.
Осы жағдайды анық түсінген Есім хан ел билеу барысында өзін жаужүрек қолбасы ретінде де, көреген саясаткер ретінде де көрсетті. Оның ең алғашқы маңызды жетістігі 1598 жылдың күзінде Бұқар билеушілерімен келіссөз нәтижесінде қазақ елі үшін аса тиімді бітімге қол жеткізуі еді. Бітім нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Ташкент қайтадан қазақтың өз қонысына айналды. Ілкі қадамы қайырлы басталған Есім ханның өз билігіндегі жұрттың ата қоныстарын қайта оралту жолындағы кейінгі әрекеттері де оңынан орайласып отырды. Әрине, мұның бәрі хан Есімнің қолбасылық қабілетінің аса жоғары болуының арқасында іске асып жатқаны анық еді.
Есім ханның Қазақ хандығы тарихындағы даңқты әрекеттері ХVI ғасырдың соңғы жылдарында хандық орталығын Түркістанға көшіріп, ел жадында «Есім ханның Ескі жолы» деген атаумен сақталып жеткен мемлекеттік Негізгі заңды орнықтыруды қолға алуынан басталады.
Жалпы, Есім ханның өзінің де, ол билеген кезеңдегі Қазақ хандығының да айбар-даңқын асқақтатқан әрекеттердің ешқайсысына оңайлықпен қол жетпегенін зерделей бағамдау абзал. Хандықтың іргесін бекемдеу жолында бұқар, ойрат, торғауыт сияқты сыртқы жұрттармен жүргізген күрестер мен соғыстар ғана емес, елдің өз ішінде мемлекеттік ортақ тәртіпті орнықтыру бағытындағы іс-әрекеттер де орасан қажыр-қайратты талап етті. Оның бір мысалын Есім хан мен Жиембет жырау арасындағы қайшылық-тартыстан да көре аламыз. Себебі, бұл тұстағы хан мен жырау арасындағы келіспеушілік – жеке бастың дүрдараздығы емес, елде баршаға бірдей тәртіп орнатуды мақсат еткен ел билеуші мен сол тәртіпке сыймайтын қылық жасаған қандас бауырын қаһарлы жазадан құтқарып қалуды көздеген сөз иесі, әрі елдің бір бөлігіне билігін жүргізе бастаған ықпалды тұлға арасындағы тартыс. Зер сала үңілсек, бұл тартыстың шешімі елдің содан кейінгі тағдырында аса маңызды із қалдырарын аңғарамыз.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»