II.Көтеш ақын
Көтеш ақынның өзге өлеңдерінен де жоқ-жітік тірлік кешіп жатқан жандарға ортақ жағдайлар көрініс береді. Мәселен, жүгірте оқығанда ақынның өзіне ғана қатысты сияқты сезілетін төмендегі екі шумаққа назар салып байқалық:
1.
Тінәлі, Тышқанбайдан алдым жиын,
Қопаның, өкпеледім, көрмен бетін.
Малдыбайдан алғаным маңқа жирен,
Түбінде Жалғызтаудың жедім етін.
2.
«Сөйлес» дейсің, қонағым, сөйлеспеймін,
Екі елу ердің жасы он бес деймін.
Осы үйде ұршықталған жалғыз сан бар,
Оны қатын кісіге бермес деймін.
Шынында, ақын өз өмірін жырлап отыр. Өлеңінің бірінде жоқшылықтың кесірінен өзгеге күні түскенін, олардың біразынан көңілі қалғанын, ал мырзасынған адамының бергені «маңқа жирен» болғанын, шарасыздықтан сол «маңқаны» Жалғызтаудың етегінде ас-суына жаратқанын нали жырласа, келесі бірінде ақын үйіне ат басын тіреп, «Сөйлес» қылған құдайы қонақты күтіп алуға дәрмені жетпегенін, шарасыздықтан туған іштегі ызасын қылжақпен бүркемелей бейнелейді. «Оны қатын кісіге бермес деймін» деген жолдар арқылы көрінетін жағдай – ақын әйелінің қолының қаттылығы емес, сол әйелді сараңдыққа мәжбүрлеген тұрмыс қиыншылығына бағытталған ішкі қыжыл. Осылайша ақын өз өмірінің шындығын бейнелей отырып, өзімен тағдырлас талай жанның хал-күйін көрсетіп отыр.
Көтеш өлеңдерінің ел жадында ұмытылмай сақталып жетуінің бір себебін де осы тұстан іздеу ләзім. Нақтылай айтқанда, ақын өлеңдерін бірден-бірге жеткізушілер – ақынның өзімен тағдырлас жандар. Демек, жоқшылықтың қиыншылығын бейнелеген Көтеш ақын шығармалары өз заманында ғана емес, одан кейінгі уақыттарда да кедейшілік салмағын көтерген талайлардың жан жұбанышына айналғаны анық.
Жоғарыда сөз болған өлеңдердің мазмұнына қарай отырып,оларды ақынның жасы ұлғайғанға дейінгі аралықта шығарылған дүниелері деп тануға болады. Ақынның:
«Атам ата болмады, қалмақ болды,
Қызын берсе, атымды алмақ болды.
Алты ешкі, жалғыз қойын базарға айдап,
Қызыл ділдә, ақ жамбы алмақ болды», – деп келетін өлең шумағы да осы аралықта айтылса керек. Қайынатасының қылығын қылжаққа айналдыра өлең еткен ақынның әзіл-сықаққа, оспақтай қағытуға бейімдігі аңдалады. «Атам ата болмады, қалмақ болды» – дегенде, оның оспақтай меңзегені – қайынатасының ойға алған әрекетінің салмағы ақынның өзі үшін «қалмақтың шапқынындай» боларын аңдату. Кейінгі үш шумақта да «атасының» қылығы қылжақ етіледі. Ал сол қылжақтың ар жағында ащы шындық жатқаны және шындық. Яғни, бұл шумақтардан қалыңмалға күйеубаланың атын алуға ниеті ауған қайынатаның бар байлығы – алты ешкі, жалғыз қой ғана екендігі көрінеді. Ақынның соңғы шумақта: «Қызыл ділдә, ақ жамбы алмақ болды», – деуі де ащы мысқыл. Алайда бұл мысқылдың нысанасы нақты бір адамнан гөрі, сол адамды тығырыққа тіреген жоқшылық, жетіспеушілікке бағытталғандай әсер етеді. Бұл жәйт Көтештің нақты бейнелер жасай отырып, тіршілік түйткілдері хақында астарлы ой ұсынуға, тұрмыс ауыртпалықтарын әзіл-әжуамен жеңілдетуге бейім ақын болғанын көрсетеді.
Оның ақындық жаратылысына сатиралық уыттылықпен қатар, адам бойында ұшырасып қалатын кемшілік, мінді әжуалай күлкі ететін юмордың да жат болмағанын байқататын шығармасы:
Ұстаның дәндәкуі балғасы да,
Құдайым ұстаға күн салмасын да.
Ұстаға дәндәкусіз барамын деп,
Көріктің отырып қалдым далдасына, – деген өлеңі.
Өлеңде күнделікті тірлікте кездесіп жататын адам кемшілігі әжуаланған. Ақын «дәндәку» сөзін ойнату арқылы кейіпкер ұстаның әлдене дәметкіш мінезін күлкі етеді.
Көтеш ақынның осы кезеңде шығарылған өлеңдерінің бірқатары сөз қағыстыру, әзіл-әжуа мазмұнындағы арнаулар болғанға ұқсайды. Бұлай ой түюге ақын мұрасынан бүгінге дейін жеткен бір-екі шығармасы мүмкіндік береді. Солардың бірі «Дулап өтіп барады қасымнан қыз...» деп басталатын өлеңі болса, енді бірі – өзінің қойына арнаған қағытпасы. Ақынның кейінгі өлеңінен де кедейшіліктің ауыртпалығын әжуалай күлкі ету сарыны сезіледі.
Қойым-ау, кел, қойсаңшы өргеніңді,
Мен айтамын көзіммен көргенімді.
Құйрығыңды бір ит-құс алып кетсе,
Сен онан ала алмассың бергеніңді, – деп қылжақтаған ақынның бұл оспағының астарында өзінің оңалмай қойған тірлігіне күйінуімен қатар, тұрмыс тауқіметін күлкімен жеңілдетуге деген ниет жатыр.
Көтеш ақынның шығармашылығында көрініс берген осы іспетті қағытпалар, сөз қағысулар осы уақыттың тағы бір тумасы Шал ақынның әдеби мұрасынан да ұшырасады. Бұл жағдай осынау әдеби үлгілерді ақындық поэзияның алғашқы өкілдері жиі пайдаланғанын аңғартады.
ХVІІІ ғасырдағы ақындар жыраулар қалыптастырған дәстүрлерден қол үзіп кетпей, ақындық поэзия ерекшелігіне сай пайдаланып отырған. Дәстүр жалғасуы, әсіресе, адам болмысы, өмір өзгерісі, жастық пен кәрілік хақындағы ой-толғаныстар ұсынылатын өлеңдерден анық байқалады. Мәселен, Көтеш ақынның «Арқа ойылдың құба жон түсер қақтар...» деп басталатын өлеңіндегі:
«Ай қараңғы, күн бұлт, түн демеңіз,
Біреу жарлы, біреу бай, күндемеңіз.
Ата тілін алмаған арам ұлды
Аузы түкті кәпірден кем демеңіз», – деген үлгіде келетін шумақтарындағы ой мазмұны жыраулардың дидактикалық толғауларындағы ойлармен өрістес екені шүбәсіз. Дәстүр ұласуының осы іспетті көріністері ақындық поэзияның замана өзгерісіне орайласа туған шығармашылық құбылыс екенін тағы да айғақтай түседі.
Жыраулар дәстүріндегі дидактикалық толғаулардың ой мазмұнына ақындар күнделікті өмір шындығының көріністерін, адамның қарапайым тілек-ниеттерін үстеген. Оның бір үлгісі Көтеш ақынның жасы ұлғайған шақта айтылған өлең шумағында былайша өріледі:
Сексен ерікке қоймады-ау қалжыратып, Қайтіп өлең айтармын алжып жатып. Сексен түгіл, тоқсанға болмас едім, Ұсақ турап ет берсең балбыратып.
Осы өлеңнен аңдалып тұрғандай, жыраулар адамның жас ерекшеліктерін жырлау барысында жинақтаушылық сипаттағы бейнелерге ден қоятын болса, ақындар нақты суреттер арқылы жалпыға ортақ ой ұсынуға бейім келеді. Бұл тәсіл Көтеш ақынға да жат емес. Ол өзінің қартайғандағы кейпі мен кәрі көңілінің қалауын бейнелей отырып, кәріліктің жалпыға ортақ көрінісін суреттейді. Сол көрініс арқылы айтар ойын да әзілге сүйей, ишаралай жеткізеді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»