Жаңалықтар

II.Доспамбет жырау

Тумысынан тамырында қаһармандық мінез тулаған жорықшы жырау Доспамбеттің толғау-жырларында оның өзіне қатысты деректер де айшықтала беріледі.
31.03.2014 04:30 16895

Тумысынан тамырында қаһармандық мінез тулаған жорықшы жырау Доспамбеттің толғау-жырларында оның өзіне қатысты деректер де айшықтала беріледі. Туып-өскен жері мен өзі туралы ой толғаған сәттерінде жыраудың мәртебесі тасып, сөздері асқақтап кетеді. Туған өлкесі жайында айтқан жыраудың:

«Айнала бұлақ басы Тең, Азаулының Стамбұлдан несі кем?!» –

деген сөздерінен оның сол заманның аса ірі қалаларының бірі Стамбұлды да көргені және өзінің туған жерін дүние жұртына танымал Стамбұлдан артық көрмесе, бір мысқал төмен бағаламайтыны, қасиеттей қадірлейтіні айқын аңдалады.

Өр мінезді, ер қайратты жырау өзінің туған өлкесін тағы бір толғауында:

«Азау, Азау дегенің Әл-Ғұсман паша жұрты екен, Дін ісләмнің кірті екен» –

деп жырлайтыны және бар.

Осы үзіндіге назар аударсақ, Доспамбет жыраудың ата қонысы – Азау бойындағы жұрттың мұсылманшылық жолына ден қойғандығын және түрік елімен жақсы қарым-қатынаста болғанын байқаймыз. Олай болса, осындай мүмкіндіктері бар өңірде туып-өскен Доспамбеттің де мұсылманшылықты ұстанғаны хақ және оның түрік елінде болуы, Стамбұлды көруі әбден мүмкін жағдай. Демек, Доспамбет жыраудың жастайынан ілім-білім игергені, тағылымды өнеге көріп өскені шүбәсіз. Оның:

«Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның Хан ұлынан несі жоқ, Би ұлынан несі кем?

Тәңірінің өзі берген күнінде Хан ұлынан артық еді менің несібем!» –

деп жырлауы сондықтан. Бұл тұста Доспамбет жырау өзінің хан ұлынан да, би ұлынан да кем болмағанын, тіпті иығы артық тұрғанын көрсеткенде, ол өзінің байлық-дәулетімен асқанын алға тартып тұрмағаны, ілім-білімімен, ел алдындағы абырой-даңқымен олардан мойны озық болғанын меңзегені анық. Себебі, өмірлік мұраты абырой-даңқына кір шалдырмауға арналғанжаужүрек жырау үшін дүние-байлық маңызды мән иелене алмаса керек. Оның жырларында кездесетін байлық, дәулеттілік белгілерінің өзі көпірме мақтан үшін емес, ел ортасында абыройы асқан адам болғанын айғақтайтын сипаттар ретінде көрініс береді. Мәселен, ол қолға ұстаған қамшысының қасиетін:

«...Бүлдіргесі бұлан терісі,

Өрімі құнан білдің қайысы,

Шырмауығы – алтын, сабы – жез...» –

деп бейнелейді. Басқа зат емес, қамшысының қадір-қасиетін асыра суреттеуінің өзі Доспамбет жырау үшін қамшының асамаңызды болғанын көрсетеді. Өйткені қазақ жырауы қамшыны ат айдау құралы ретінде емес, кесімді билік айтуға араласа алатын абыройлы адамның айбын-айбарының белгісі есепті бағалап тұр. Айбарлы жыраудың «шырмауығы – алтын, сабы – жез» қамшысын «Бейазының бойында күзен, қарсақ жер ме екен?!.» – деп күйзеле қамығуының сыры да сонда. Демек, жыраудың алаңын қамшының түз тағыларына жем болуымен ғана байланыстыра тану аздық етпек. Бұл тұстағы жырау алаңы – ел билігін кімнің ұстарына байланысты. Бар ғұмырын ат үстінде, ұрыс-шайқас ортасында өткерген жырау көңілінде мұндай алаңның болуы – заңды құбылыс.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға