Жаңалықтар

II.Қазтуған жырау

Осы тұста жырау өмірбаянына қатысты қысқа қайырым түйін жасасақ, Қазтуған Еділ мен Жайық бойын жайлаған елде, Сүйініш пен Бозтуғанның отбасында дүниеге келген.
31.03.2014 03:50 8302

Осы тұста жырау өмірбаянына қатысты қысқа қайырым түйін жасасақ, Қазтуған Еділ мен Жайық бойын жайлаған елде, Сүйініш пен Бозтуғанның отбасында дүниеге келген. Ол – жетпіс бес жыл жасап, дүниеден өткенге дейінгі өмірін ұдайы ат үстінде, жорық-шайқастарда, дау-таластарда өткерген қаһарман жырау. ХV ғасырдың екінші жартысында өзіне қарасты жұртты бастап, Еділ бойынан үдере көшіп, Қазақ хандығының құрамына қосылған. Жыраудың өзі осынау тарихи оқиға түйінін:

...Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. –

деп жүрегі езіле жеткізеді.

Қазақ жұртының біртұтас хандық құрап, айбарлы елге айналуы жолында өз үлесін қоса білген айбынды жыраудың ерліктері де, елдікке үндеген жыр-толғаулары да кейінгі ұрпақ арасына даңқты тағылым болып тарады. ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Мұрат ақын «Әттең, бір қапы дүние-ай», «Қазтуған», «Қазтуғанның туған жерімен қоштасуы» аталатын жырларында «қылшаны сары жүн оқтан босамаған» жыраудың ел айырылғандағы жан тебіреністері, елдік мұрат жолындағы жанкешті ерлік әрекеттері суреттеледі. Мұрат ақынның осы шығармаларынан Қазтуған жыраудың суырыпсалма сөздерімен сарындас тұстардың жиі ұшырасуының өзі, сондай-ақ, асқақ рухтың үндесе көрінуі кейінгі дәуір ақынына қазақтың төл жырының бастауында тұрған Қазтуғанның әсері зор болғанын айғақтайды. Әрине, бұл – Қазтуған жыраудың кейінгі қазақ поэзиясына дәстүрлі із салғанын танытатын мысалдардың бірі ғана.

Кеңестік кезеңнің алғашқы 10-15 жылдарының аясындағы алғашқы әдеби-зерттеу еңбектерінің бірі боп табылатын ғылыми жинақ С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген атпен 1931 жылы баспадан шығарған кітабы болса, осы кітапта «Ноғайлар бытырағанда Қазтуған батырдың айтқаны» деген тақырыппен Қазтуған жыраудың толғауы ұсынылады және бұл жырдың Мұрат ақынның айтуы бойынша қағазға түскені айтылады. Осы толғаудың:

Әрайна, билер, әрайна! Әрайна деген болғай ма? Әрайнасыз әрқайда Ердің ісі оңай ма? Әрайна болған Қазтуған

Қайғыланып сонда, толғай ма? Ел Қияға қонбай ма, Еділ, Жайық арасы

Кеңшілік қоныс болғай ма?.. Ойыл да, Қиыл, Жем, Сағыз,

Қайран саланың жатқан аңғары-ай!.. –

деп келетін жолдарынан ноғай мен қазақ жұртының ірге ажыратып, жеке-жеке жолға түскен тұсындағы жыраудың өз көңіліндегі ішкі алаң да, бөлінген жұрттың арман-мұраты да, қимастық сезім күйлері де айқын аңдалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға