Жаңалықтар

ІІ. Кірме (бүлдіргі) таңбалардың талданымы

Тіл мамандарының өздері ұсынып отырған әліпби жабаларында осы жалған қағиданы ұстанып отыр.
01.03.2014 07:52 3769

Оның зардабын әлі көріп келе жатырмыз. Тіл мамандарының өздері ұсынып отырған әліпби жабаларында осы жалған қағиданы ұстанып отыр. Мысалы, орыс жазуының ережесімен жазып келген ми, ти  т.б. сөздерді латын негізінде де mі, tі  деп жазып,  ми, ти деп оқуды ұсынып отыр. Сонда қазіргі орыстақы емлеміз бойынша да [ми, ти], жаңа латынша да [mi, ti] болып шыққалы тұр. Жоба авторлары осы жолмен жазу желісін үнемдеуге болады, яғни екі таңбаның орнына бір таңба ғана жазамыз деген болжамды алға тартады.

Жоба авторларының дәйектемесіне көз жеткізу үшін «Абай жолы» романы, Әнұран т.б. мәтіндерге есептеу жүргізіп көрдік. Сондағы үнем
0,5-0,7% ғана болып шықты. Сонда түкке тұрғысыз үнем үшін, егемендіктің арқасында ғана құтылғалы отырған, тілбұзар емле-ережелерді тағы несіне қайталаймыз деген ой туады. Оның үстіне өздері ұрынған шым-шытырықтан шығу үшін құрау-құрау таңбалар ұсынады. Мысалы, ы[ı], і[і], й[ï], ұ[u],
ү[ü], у[û].
Мұндай шешім әдістемелік тұрғыдан өте тиімсіз. Өйткені ұқсас таңбалардың үстіне үстеме белгілер қоя беруге болмайды. Себебі сауат ашуды қиындатып жібереді: ұқсас таңбалар екіден аспау керек; үстеме таңба біріне қойылып, екіншісіне қойылмау керек. Ал, жазу реформасының басты мақсаты орыс тілінің тіл бұзар ережелерінен арылып, қазақтың мый деген сөзін айтылуына лайық мый деп жазып, жуан айтқызу, тій деген сөзін айтылуына лайық тій деп жазып, жіңішке айтқызу үшін жасалып отырғанын ескерсек, әріптестеріміздің бұл әрекетіне қалайша «жол болсын» демекпіз.

Кез-келген жазу тілдің ішкі өзіне тән құрылымы мен табиғи айтылымына зиян тигізбеу керек. Керісінше, тілдің әдеби айтылымының қорғанышы болу керек. Ол үшін:

1. Жазу сөздің дыбыс құрамын дәл бейнелегенде ғана дұрыс жазу болады. Ендеше қазақ жазуы қазақ сөзінің үндесім әуезін дұрыс көрсетіп отыру керек, басқаша айтқанда, жуан айтылатын сөздің таңбасы мен жіңішке айтылатын сөздің таңбасының арасында көрнекі айырма болсын.

2. Жазу қазақ сөзінің буын құрамын бұзбау керек. Мысалы, ми-ы, су-ы [мый-ы], [сұу-ы]болмау керек, мы-йы, сұ-уы  болу керек. Қазақ тілінде сөз ішінде буын дауыстыдан басталмайды. Оқулықтардағы осындай кереғарлықтардың қиындықтарын айтып, балаларға түсіндіре алмай, олардың алдында «бірде олай болады, бірде бұлай болады» деп екі сөйлеп, әлек болып жатқан ұстаз мұғалімдердің пікіріне де құлақ асу керек қой.

3. Жазу қазақ сөзінің тасымал ережесіне сай болу керек. Тағы да ми-ы,
су-ы
  болып тасымалданбау керек, мы-йы, сұ-уы  болып тасымалдану керек.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға