II. Астана ономастикасы
Үшіншіден, мемлекеттік-ұлттық ұстанымы асқан жауапкершілікпен әрі біліктілікпен құрылғандықтан астаналық ономастика елімізде орныққан ұлтаралық келісім мен үйлесім үдесінен көрінді. Бұған айғақ-дәлел – армян Л.Мирзоянның, әзірбайжан Г.Алиевтің, түрік Таха Хусеиннің, поляк А.Янушкеевичтің, академик А.Бараевтың, композитор Е.Брусиловскийдің, тағы басқа ұлт өкілдерінің зор құрметпен әспеттелгені. Ия, Ресей мен КСРО тарихында өзіндік орны бар біраз тұлғалар есімі көшелерден өшірілгені рас. Өйткені, олардың Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі еңбегі мардымсыз немесе жанама ғана сипатта болғаны қаперге алынды. Бұл орайда «Вагонная», «Деповская», «Колхозная», «Угольная», «Ударная», «Пятилетка» сынды көше атаулары неліктен келмеске кеткенін түсіндіріп жатудың өзі басы артық шаруа.
Қысқасы, мемлекеттік-ұлттық басымдықты асқақтатқан Елордадағы ономастикадан әлемдік, құрылықтық, айталық Еуразиялық, өңірлік құндылықтардың жарасымын көреміз. Бұл да Астанаға ғана тән ерекшелік.
Астана ономастикасының ерекшеліктері бір күнде, бір сәтте қалыптаса қалған жоқ. Оның объективті, субъективті, қисынды себептері бар. Әрине, ең маңыздысы – мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз. Кешегі тоталитарлық тәртіп пен жүйе күшінде тұрғанда бүгінгі ономастикалық ілгерілеу мен табыстардың мыңнан бір бөлігі өңіміз түгілі түсімізге де кірмес еді.
Елорда ономастикасының бастау–бұлағында Президентіміз Н.Назарбаевтың тұрғанын айрықша атап өтудің мәні зор. Целиноград атауын ысырып, тарихи әділеттілікпен Ақмоланы қайтаруы, Елорданы Жетісудан Сарыарқаға көшіруі, Ақмоланы Астана деп өзгертуі – бәрі Тәуелсіздіктің салтанатты шеруін кім бастап келе жатқанын әлемге паш етті, ұлттық ономастикаға кең жол ашты. Президенттің ономастикалық бастамасын Астанадан басқа елді мекендер мен аймақ басшылары, зиялы қауымы одан әрі қолдай жөнелмейтіні қайран қалдырады. Әйтпесе, Петропавл, Павлодар деген атаулар бүгінге дейін сақталмас еді ғой.
Келесі шешуші фактор – Астана қаласындағы билік жүйесі мен зиялы қауым арасындағы ынтымақ пен түсіністік. Жақсыны жақсы дегенге не жетсін. Қала әкімдері Ә.Жақсыбеков, Ө.Шөкеев, А.Мамин, И.Тасмағамбетов, қалалық маслихат депутаттары көшелер мен алаңдарға, әлеуметтік инфрақұрылым ғимараттарына жаңаша атау беруге, тарихи-мәдени ескерткіштер орнатуға ешқашан бей-жай қараған емес. Сондықтан да болар, әкімшілік жанындағы ономастикалық комиссияға отаншылдық, елдік жігері жоғары танымал азаматтар Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Қ.Салғараұлы, А.Смайыл, Н.Ораз, Д.Қамзабекұлы, В.Гундарев тартылды. Комиссияның жұмыс органы – тілдерді дамыту басқармасының тізгіні ақын Қ.Әбілевтің, ұлтжанды О.Асанғазының қолында болуы да ономастикалық жұмыстың қарқынды әрі нысаналы-мақсатты жүруіне аз үлес қосқан жоқ.