Жаңалықтар

II. Астана қаласының ономастикасы: ұлттық атаулар

Біздің кешегі-бүгінгі мәдениетіміздің үлкен бір белгісі – дәстүрлі атаулар. Осы ретте келгенде қаланың жүз елуден астам көшесіне осындай дәстүрлі атаулардың берілгенін атап өткен жөн.
01.03.2014 09:21 3882

Біздің кешегі-бүгінгі мәдениетіміздің үлкен бір белгісі – дәстүрлі атаулар. Осы ретте келгенде қаланың жүз елуден астам көшесіне осындай дәстүрлі атаулардың берілгенін атап өткен жөн. Мәселен, Ақжелең, Адырна, Алдаспан, Алтыбақан, Аманат, Базарлық, Бәсіре, Жетіген, Қамбар ата, Рамазан, Сонар, Шопан ата т.с.с.

Қазақстанның бағзысы мен бүгінін тарихи жағынан да, рухани жағынан да сабақтастыруда Астананың орны ерекше екендігі баршамызға белгілі. Ономастикалық комиссия Астана көшелері мен даңғылдарын тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың есімдері айшықтап тұруы табиғи заңдылық екендігін үнемі басты назарға алып келеді. Осыны ескеріп, танымал, білікті зиялы қауым өкілдерінен тұратын қалалық ономастика комиссиясы қала көшелеріне тарихи оқиғаларға қатысты атауларды және тарихи тұлғалардың есімдерін беруді ұйғарды. Атап айтқанда, Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Тұран, Бұланты және Күлтегін, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Қабанбай батыр, Қарасай батыр, Ағыбай батыр т.с.с. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдерінің есімдері де көше атауларына айналды. Айталық, Ақтамберді жырау, Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Шортанбай, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сүгір Әліұлы, Қашаған Күржіманұлы, Құлтума, Мәди, Иманжүсіп Құтпанов сияқты ұлы өнерпаздардың есімдері қаламызда ұлттық мәдениетімізді паш етіп тұр. Халқымыздың саяси тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған, мол шығармашылық мұра қалдырған Алаш қайраткерлерінің есімдері де Астана көшелеріне берілді. Олардың ішінде Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Сұлтанбек Қожанұлы т.б. тұлғалар бар. Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерімен бірге азаттық қозғалысында айрықша белсенділік танытқан, бүгінгі қауымның көпшілігі біле бермейтін Айдархан Тұрлыбаев, Уәлитхан Танашев, Жаһанша Сейдалин есімдері де қала көшелерінің атауына ие болды. Елордаға еліміздің шығыс бөлігінен кіретін күрежол «Алаш тасжолы» деп аталды. Жалпы қазақтың жаңа астанасында «Алаш» атты қасиетті сөз, киелі ұғым асқақтатылып келеді. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында батыр, өнерпаз, дана аналардың орны ерекше. Олардың есімдерін Астана көшелеріне беру бүгінгі ұрпақтың бойына имандылық, мейірім, адамгершілік сезімдерін ұялататыны сөзсіз. Осындай үлгілі, өнегелі мақсатты көздеп бірқатар көшелер Жұбан ана, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айша бибі, Ұмай ана, Тұмар ханым, Дина, ақын Сара, Ұлбике ақын сияқты белгілі тұлғалардың есімдерін иеленді. Астана көшелеріне халқымыздың тарихын, этнографиясын, өнерін зерттеуге үлес қосқан, ұлттық мәдениетіміздің өрістеуіне атсалысқан өзге ұлт азаматтарының да есімдері берілді. Мәселен, қазақ даласын зерттеп, құнды деректер қалдырған Я.А.Янушкевич, Г. Потанин, В. Бартольд, қазақ өнеріне айтулы үлес қосқан Б. Ерзакович, Л. Хамиди, Е.Брусиловский есімдерін атауға болады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға