Жаңалықтар

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды
15.07.2019 17:45 3435

Қазақстан дұнған жастарының беделді мүшесі, қоғамдық жұмыстарда көрнекті жұмыс атқарып жүрген «Қазақстан дұнғандары қауымдастығы» АБ жастар қанатының төрағасы, ҚХА мүшесі Ибрагим Масанов бүгінгі сұхбатымызда бизнес қауымдастық, этникааралық қатынас, қоғамдық жұмыс жайында бірақатар сұрақтарға жауап берді. Оның пікірінше, этномәдени орталықтар Қазақстанның шетелде оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.

— Ибрагим Суфурұлы, әңгімемізді «Қазақстан дұнғандарының бизнес» қауымдастығынан бастасақ. Жалпы оның қызметі қандай? Міндетіне не кіреді? Оны кім басқарады?

— Қазақстанның жаһандық экономикаға толыққанды қатысуы – бұл оның экономикалық дамуының маңызды басымдылығы болып табылады. Бұл алдымен шекаралас мемлекеттермен сауда-саттық қарым-қатынасты кеңейтуге қатысты. Атап айтқанда, біздің еліміз үшін іргелес орналасқан мемлекеттердегі ірі нарыққа шығу – үлкен әлеует болмақ. Мысалы, бір миллиардан астам халқы бар Қытай Халық Республикасы.

Бүгінгі таңда қытайлықтармен тауар алмасу үдерсін қазақстандық дұнғандар белсенді жүзеге асырып отыр. Қазақстанның бірлігі мықты халқының бірі ретінде дұнғандардың қытай халқымен де тарихи байланысы бар. Осы мәдени мұра біздің мемлекетіміздің пайдасына тиетін қытайдың бизнес-қауымдастығымен серіктестікті кеңейтуде зор үлес қосары анық.

«Қазақстан дұнған бизнес» қауымдастығы компаниясының шеңберінде біршама маңызды жұмыстар жүргізіліп отыр. Ол 2016 жылы құрылып, бүгінде оның құрамына жүзге жуық кәсіпкер кіреді. Төрағасы өзіммін.

Бизнес қауымдастығының негізгі міндеттері: Қазақстан-Қытай сауда қатынастары шеңберінде тиімді кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, экспортқа бағдарланған құндылығы бар қазақстандық брендтер мен бизнес-бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесу, ҚХР-да қазақстандық бизнестің мәртебесін арттыру, инвестициялар тарту, Қазақстан мен Қытайдың іскер топтары мен қоғамдық ұйымдары арасында тығыз байланыс орнатуда жетекші рөл атқару.

Қазақстанның дұнған бизнес қауымдастығы өз жұмысының аясында қытайлық компаниялармен ынтымақтастық туралы бірнеше меморандум жасасып үлгерді. 

Экономикалық дамумен қатар Бизнес қауымдастықтың мақсаты қазақстандық қоғамның әлеуметтік саладағы тұрақты өсуі болып табылады. Атап айтқанда, «Қазақстан дұнғандарының бизнес» қауымдастығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын қолданады және қайырымдылықпен белсенді айналысады. Компания жанында «Nur Otan» партиясының «Алатау орталығы» бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Қоғамдық жұмыс – үлкен жауапкершілікті, ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Сіз үшін пайдалы, қызықты тұсы қандай? Негізгі жұмысыңызбен байланыстыра аласыз ба?

— Мен әрдайым өзімізден басқа ешкім бізге тосқауыл бола алмайды деген пікірдемін. Біздің қолымыздан бәрі келеді, бастысы – жағдайдан шығудың жолы мен ымырасын таба білу. «Қалауын тапса – қар жанар» деп бекер айтпаса керек.

Менің ойымша, егер жаңалыққа қадам басуға жүрексінсең, шынымен де кертартпалық айналдыра береді. Ал енді батылдық танытып, бірінші қадам жасасаң, екінші қадам өздігінен жасалады.

Өзің айналысатын істі сүю маңызды. Жұмысыңа, ісіңе, тіпті тұрмыстағы шаруаларға сүйіспеншілікпен қарамасаң, одан рақат ала алмайсың, жүзеге асыра алмай, өзіңді жегідей жейсің. Егер бірдеңе жайсыздық тудырса, оған шыдап отыра берудің қажеті жоқ, мақсатсыз жел айдаған қаңбақтың күнін кешпей, өміріңді өзгертуге тиіссің. Ал енді осыған мойынсұынып жүре берсең, өз өміріңе шағым айту көбейеді, айналаңдағыларды мезі етесің.     

Қоғамдық жұмыс – бұл қоршаған өмірге бей-жай қарай алмайтын белсенді адамның өмір сүруінің үйреншікті тәсілі, «саяси алаңдаушылықтың» сау баламасы, өз өміріңді бекерге өткізбеудің мүмкіндігі – өзіңе және қоғам үшін пайдалы өмір сүру.

Ең сыңдарлысы – бұл әрқашан елдегі негізгі оқиғалардан хабардар болу және сонымен бірге сіз тұратын қоғамдастықтың өміріне белсенді түрде қосылу. Мұндай қызметті азаматтық қоғамның ажырамас атрибуты болып табылатын үкіметтік емес ұйымдарда жүзеге асыру оңай.

Қоғамдық жұмыс пен негізгі жұмыс ұштасып, екеуінен де пайдалы жағын көремін.

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Қоғамдық жұмыс туралы тұшымды пікіріңізден кейін «Қазақстанның дұнған қауымдастығы» ашық бірлестігінің жастар қанатында неліктен төрағалық етіп жүргеніңізді сұрамасам да белгілі болды. Дегенмен де ол жерде қандай міндеттерді атқарып жүргеніңізді білу шарт. Оқырмандарды қауымдастық жұмысымен таныстырып, қандай жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылғанынан хабардар ете отырсаңыз.

— Жастар қанатының мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы жастар бірлестіктерінің мемлекеттік жастар саясатына тікелей ықпал ету мүмкіндігін қамтамасыз ету, ҚХА арқылы Қазақстан аумағында жастар саясатын іске асыру саласында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне жәрдемдесу. Сондай-ақ жастардың құқықтық және қоғамдық мәдениетін қалыптастыру, жастардың белсенділігін арттыру.

Біздің жастар қанатының аясында Жастар кеңесі құрылған. Кеңес ҚХА жобаларына қатысып, оны жүзеге асыруға ықпалын тигізеді. Дұнған жастарының мәселесін зерттеп, сараптайды.

Біздің орталықтың жастары жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, құрмет көрсетеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында футбол командасын құрып, достық жарыстарына қатысып отырады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі және қамқоршысынан айрылған балаларға арнап «Бақытты балалы шақ» акциясын ұйымдастырамыз. Оның барысында балаларға сыйлықтар үлестіріп, көңіл көтеретін бағдарламалар ұйымдастырамыз. Ең бастысы – талантты балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетеміз. Жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетіп отыратын дәстүрлі іс-шарамыз да бар.

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Осының бәріне қалай үлгересіз? Табысыңыздың сыры неде?

— «Қаласаң, ғарышқа да ұша аласың» демей ме өлең жолдарында?! Табыстың бастауында ішкі серпіліс тұр. Ол тек уақытша мақсат немесе бір күндік жалынды ниет емес – бұл тереңде жатқан жүрек қалауы. Тілек пен мақсатты сана билесе, эмоция мен ниетті жан қалауың билейді. Мұнда кейде жеке басыңда бөгет болуы мүмкін. Көптеген адам сонымен өмір сүреді, олар соны ыңғайлы деп ұғады.

Ал енді табыс дегеніміз ол тек – жетістік, байлық немесе басқа да дүниелер емес қой. Табыс – бұл ауыр еңбек, толастамайтын идеялардың генераторы, жолыңда кездесетін сәтсіздіктер, жауапкершілік пен басқа да күш жұмсауды қажет ететін қадамдар. Менің жағдайымда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру жоқ. Табысқа жетуді таңдаймын.

— Сіз үшін Ассамблея...

— Ассамблея мен үшін бәрі! Әлемдегі бейбітшілік деген не? Ол – бәріміз қауіпсіздікте болғанымыз, адамдар арасында келісім орнауы. Сондықтан барша әлем елдері теңдікті, кеңдікті таңдайды. Бірақ бәріміз теңбіз бе? Оны қайдан білуге болады? Адамдардың қалауы, таңдауы, талғауы шыңдап келгенде әртүрлі болуы мүмкін. Бұл жағдайда мен Қазақстан халықтарын тең көретін ҚХА-ны айтар едім. Біз әртүрлі болғанымызбен, біз теңбіз. Еліміз бір! Тағдырымыз бір!

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Сіздіңше этномәдени орталықтардың қоғамдағы рөлі қандай?

— Этномәдени бірлестіктер Қазақстанның шетелдерде оң имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және әлемдік жұртшылықты біздің тәжірибемізді зерттеуге ынталандырады. Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды десем де болады. Яғни, өзара мәдениетімізді зерттеп, салт-дәстүрімізді құрметтей бастадық. Қазақ халқының айналасына шоғырланып, қазақ тілін үйрене бастадық. Қазақстанды ортақ үйімізге айналдырдық.

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Ибрагим Суфурұлы, өзіңіз жайлы біле отырсақ. Отбасы құндылығы неде?

— Мен үлкен отбасында тудым, біз он баламыз. Анамыз «Алтын алқа» иегері. Алты ұл, төрт қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Баланың тоғызыншысымын. Ауылдың қарапайым жігітімін, 1993 жылы орта мектепті бітіріп шықтым. Ол кезде Кеңес үкіметі құлап жатқан еді ғой. Комсомол қатарына іліккем, осыдан менің туғанымнан қоғам белсенді екенім байқалады.

Мектепте үздік оқушы болуға тырыстым, барлық іс-шараларды ұйымдастырып жүретінмін.

Біздің Тәуелсіздігімізге қатты сүйсінемін. Қазақстан өз алдына дербес ел болғаннан бастап, жеке басым еліміздегі этностарды танып, олармен жақын араласып кеттім. Қай жерде жүрсем де мен зор мақтанышпен өзімнің үлкен отбасынан шыққанымды айтып жүремін. Үлкен отбасы деп мен Қазақстан халқын айтамын. Халқым мен мемлекетім – мақтанышым!

Менің марқұм әкем өзінің бар өмірін бізді тәрбиелеуге арнады. Ол бізге үлкендерді құрметтеуге, сыйлауға, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге үйретті. Өмірді сүюге, айналаға қамқорлықпен қарауға баулыды. Осы мен үшін отбасы құндылығы.

Негізінде бізді тек жағымды нәрселер қоршайды, көбіне біз соны байқай бермейміз.

— Жастар арасындағы этникараалық қатынас мәдениеті қаншалықты дамыған?

— Еліміздегі жастар арасындағы этникааралық қатынас әлсіз. Өз сөзімді бағамдап айтып отырмын. Бұл шындық. Дей тұрғанмен тұрмыстық деңгейде мәселесін шеше алмаған екі адамның мысалында қорытынды шығаруға болмайды және халықаралық деңгейдегі жанжалға жеткізуге болмайды.

БАҚ-да ұлтын бөлектеп жазуды доғару керек. Екі ұлттың жастары келсіпей қалған күнде тәжік пен орыс демей, Расул мен Андрей деп нақты есімдерін көрсетіп жазу керек. Бізде оғаш оқиға орын алса, міндетті түрде ұлтын көрсете қояды.

Ибрагим Масанов: Түрлі этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас инновациялық трендке айналды

— Сіз Шығыс Қазақстанға дұнғандарды көшіру жөніндегі жұмыс тобын басқарыпсыз, соның нәтижесімен бөліссеңіз.

— 2015 жылы өз ынтаммен және ҚХА-ның қолдауымен Шығыс Қазақстан облысына бардым, дәлірек айтқанда Семей қаласының маңындағы аудан мен ауылдарға. Осы ауылдарда тұрып жатқан халықпен және әкімдерімен кездестім.

Сапардан қайтып келген соң Қордай ауданындағы ауылдарда тұрып жатқан дұнғандармен кездесіп, ШҚО қоныс аударуды ұсындым. Қызығушылықтары пайда бола бастады. Кейбірі сол жаққа барып, халқы қалай өмір сүріп жатқанын өз көздерімен көріп, қоныс аударды.

Дәл сол жылы ҚХА дұнғандарға Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуды ұсынды. Ал 2017 жылы он екі отбасы мемлекеттік бағдарлама шегінде СҚО Мамлют ауданына қарасты Ленино ауылына көшіп барды. Қазіргі уақытта орнығып, еңбек етіп отыр.

— Сұхбатыңызға рақмет, еңбекте табысты болыңыз!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға