Жаңалықтар

I.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

Жыраулар поэзиясы – бірегей тарихи-мәдени құбылыс. Жыраулар поэзиясының ілкі нышандары.
31.03.2014 09:54 64329

Жыраулар поэзиясы – бірегей тарихи-мәдени құбылыс. Жыраулар поэзиясының ілкі нышандары. Жыраулар поэзиясы – ұлт қалыптасуының көрінісі. Жыраулар поэзиясындағы романтикалық әдіс ерекшеліктері. Жыраулар поэзиясындағы реализм және оның бел алу себептері. Жыраулар поэзиясындағы идеялар мен көркемдік мазмұн, негізгі қаһармандар.

Жыраулар поэзиясы – қазақ мәдениетіне ғана тән бірегей тарихи-мәдени құбылыс. Бірегей құбылыс болатын себебі – дүние жұртының арғы-бергі тарихында қазақ жыраулары мен олардың жыр-толғауларына дәлме-дәл сәйкес келетін әдеби шығармашылық иелері де, шығармалар да кезікпейді. Ал жыраулар поэзиясының өзімен дәуірлес өзге елдер әдебиетіндегі үлгілерден бөлек арна түзе, өзіне ғана тән мазмұнмен және өзіне ғана тән пішінмен тарих сахнасына шығуының сыры оның қазақ топырағында тарихи оқиғалармен, тарихи жағдайлармен орайласа тууында жатыр.

Жыраулар поэзиясы кемелдене өркендеген ХV-ХVIII ғасырларда қазақ баласы бастан өткерген жағдайлар мен оқиғалар жайын осыған дейінгі тұстарда шолу сипатында ұсынған болатынбыз. Ал сол оқиғалардың бастауында тұрған ең маңыздысы – 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы. Содан кейінгі оқиғалардың барлығы дербес Қазақ мемлекетінің құрылуына өзге жұрттардың көзқарасына, қарым-қатынас сипатына т.с.с. жағдайларға байланысты туындағаны шүбәсіз. Демек, жыраулар поэзиясының ХV-ХVIII ғасырларда қанат жая дамуының ең негізгі себебі – жыраулардың дербес елде өмір сүріп, өз елінің тағдырына, болашағына қатысты ойла­рын ашық айтуға мүмкіндік алуында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, жырауларды өз елінің арман-аңсарын, мақсат-мұратын жырлаған, халқының өмір салтын, тірлік-тынысын боямасыз бейнелеген еркін ойлы шығармашылық иелері ретін­де тану абзал.

Әлбетте, қазақ жыраулары тарихи-мәдени құбылыс ретінде бір ғана жыл аясында пайда бола қалмағаны анық. Жыраулар поэзиясының кемелдене өркендеу дәуірі ХV-ХVIII ғасырларға тән болғанымен, оның алғашқы бастаулары ХV ғасырға дейінгі жылдарда жатқаны және жаңа тұрпатты поэзияның ізашар өкілдері есімдері бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жеткен шешендер мен алғашқы жыраулар болғаны шүбәсіз. Аңызбен астасып кеткен тұлғалар арасынан өмірде болғандығы күмән келтірмейтін жырау – Сыпыра Сұрғалтайұлы. Себебі халыққа кеңінен таралған эпостық жырларда, сондай-ақ кейінгі жыраулардың жыр-толғауларында Сыпыра жыраудың есімі аталып қана қоймай, оның өзі өмірде болған адам ретінде бейнеленеді. Сонымен қатар, оның бүгінге дейін жеткен жыр-толғаулары да Сыпыра жыраудың тарихи тұлға екенін дәйектей түседі.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға