I.Тәтіқара ақын
(ХVІІІ ғасыр)
Ақындық поэзияның алғашқы үлгілері туралы түсінік. Жыраулар мен ақындар поэзиясының ерекшеліктері. Тәтіқара ақынның өмірі. Тәтіқара – эпик ақын. Ақын шығармаларындағы батырлар мен Абылай хан бейнесі. Ақын туындыларынан танылатын Дәуір көрінісі. Тәтіқара – реалист ақын. Ақын өлеңдеріндегі қарапайым халық өмірі мен тұрмысың көріністері.
XVIII ғасыр – қазақ тарихында ел тағдыры таразыға түскен дәуір болуымен қатар, ұлт мәдениетінде жаңа мазмұнды, жаңа үлгілі әдебиеттің ілкі нышандары көрініс бере бастаған кезең. Ал мәдениетте өзгерістердің нышан таныта бастауы қоғамдық санада жаңа үлгідегі ойлардың туындай бастағанын көрсетеді. Жаңаша ойлана бастау ел өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастарда өзгерістер пайда болып, қалыптаса бастағанын аңғартады.
Бұл тұста ұлт мәдениетінде көрініс бере бастаған жаңа мазмұндыәдебиет нышандары деп отырғанымыз – ақындық поэзияның алғашқы үлгілері. Аталмыш кезеңдегі ақындар поэзиясы жыраулар поэзиясынан ара-жігі үзілді-кесілді ажырап жатқан шығармашылық құбылыс емес, ішкі мазмұнына,бейнелеу әдістері мен тәсілдеріне жіті үңіле қараған жағдайда ғана өзара айырымдарын аңғаруға болатын әдеби ізденіс.
Жаугершілікке толы өмір мен көшпелі тіршіліктің әдеби айнасыіспетті жыраулар поэзиясына көбіне-көп орайда романтикалықкөзқарас етене болса, ақындар поэзиясында реалистік көзқарас, реалистік бағалау бел алады. Бұл ерекшеліктің себебі ретінде жыраулар поэзиясын түзетін жыр-толғаулардың, негізінен, сын сәттерде жігер жанып, намыс қайрау үшін асқақ рухты ұтқыр сөздермен жұртты қайраттандыра, дер кезінде айтылуын және қысталаңда жол тапқан қаһармандардың әрекеттерін елге өнеге ете, рухтандыру үшін мақсатты түрде асқақ пафоспен жырлануын, ал ақындардың шығармаларында болып өткен оқиғаларға немесе күнделіктітіршілікте қайталанып жататын жағдайларға ой көзімен байыптай қарап, нақты бағамдауға ұмтылудың басым келетінін айту абзал.
Жыраулар мен ақындардың өз туындыларын жарыққа әкелу сәтіне қатысты бұл жағдай олардың шығармаларының ішкі мазмұнымен қатар, сыртқы пішініне де әсер еткен. Әрине, шығарманың сыртқы пішініндегі өзгеріс ақындық поэзияның алғашқы үлгілерінен ұдайы аңдала бермейді. Әйткенмен, кейінгі кезеңдердегі ақындардан пішіндік ерекшелік анық байқалады. Мысал үшін осы XVIII ғасырдың тумасы Шал ақын өлеңдерінің бір үзігіне назар салып көрелік:
Кедейлік ер жігітке намыс емес,
Жоқ болсаң туысың да таныс емес.
Суық үй, арық соғым, жаман қатын –
Үшеуі кедейліктен алыс емес...
Бір қарағаннан-ақ байқалатындай, бұл шығарма жыраулар поэзиясының туындыларына мазмұны жағынан да, сыртқы пішіні жағынан да ұқсамайды. Ақын күнделікті тірлікте бастан өтіп жатқан жағдайларды ой елегінен өткізе отырып, нақты бағалайды. Ақын өлеңінде жырауларға тән асқақ пафос, намыс қайрайтын жігерлі екпін жоқ, олардың орнын өмір реалиясын шынайы бейнелеу басқан. Сондай-ақ, өлеңнің тармақ өлшемі де жыр-толғаулардың өлшемінен бөлек, яғни қара өлең өлшемі.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»