Жаңалықтар

I.Шалкиіз жырау

Жыраудың өмірі. Шалкиіз туындыларының хатқа түсу жайы.
31.03.2014 04:57 14881

(ХVІ ғасыр)

Жыраудың өмірі. Шалкиіз туындыларының хатқа түсу жайы. Жыраудың Орманбет биге, Ер Шобанға, Би Темірге байланысты жыр-толғауларынан көрінетін дәуір бейнесі. Жырау толғауларында елдік мұраттың бейнелену ерекшеліктері. Жырау шығармаларында реалистік, философиялық, дидактикалық көзқарастардың тоғыса көрінуі.

Қазақтың төл әдебиетінің бастапқы дәуірінде өмір сүріп, жыраулар поэзиясының мазмұндық жағынан тереңдей өрістеуіне, дүние сырына дендей үңілу тұрғысынан кемелдене түсуіне зор ықпал еткен жырау – Шалкиіз Тіленшіұлы. Жыраудыңөмір жолын зерделеген белгілі әдебиеттанушы М.Мағауин оны 1465 жылдар шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келіп, 1560 жылдар мұғдарында дүниеден озуы ықтималдығын айтады. Өзге әдебиет зерттеушілері де осы пікірден бұра тартпайды.

Ал жыраудың өз туындыларына үңілсек, оның өз дәуірінде қазақ пен ноғайлы жұрттарын жайлаған елмен етене араласқаны, екі елдің де билік басындағы хандары мен билерін, батыр-бағландарын жақсы білгені, ел тағдыры сынға түскен сәттерде ақылы мен айбарын алға сала, ой-пікірін олардың қай-қайсына да еркін айта білгені аңдалады. Сондай-ақ, жыраудың жыр-толғауларында мұсылманшылық қағидаларын қажетті тұстарда ой жеткізуге ұтымды пайдаланылуы, сонымен бірге көшпелі елдің жөн-жоралғысына, дәстүр-салтына қатысты көріністердің де орайымен алға тартылып отыруы Шалкиіз жыраудың мұсылманшылық жолын да, халықтың өмір салтын да жетік білгенін көрсетеді.

Шалкиіз жырау өз заманындағы қазақ пен ноғайлы хандарының бәрімен дерлік таныстықта болғанымен, солардың ішінде ноғайлы билеушісі Би Темірмен етене жақын араласқаны, оған ой-пікірін еркін айта алатын ақылман кеңесшіге айналғаны, жорық-жортуылдарда үзеңгілес серігі болғаны анық. Жырау толғауларының бірінде өмірінің бұл кезеңі:

«...Менім ием би Темірдің әрі өзім Жау көрген күн жүрегінің басы едім, Көз үстінде қасы едім!..» –

деп суреттелуінің сыры сондықтан болса керек.

Үзінді мазмұнына қарасақ, толғау айтылған тұста жыраудың Би Темірмен арасы алшақтағаны байқалады. Ал осы мазмұнды жеткізу тәсіліне зер салсақ, жыраудың ойды бейнелі жеткізуге шеберлігі танылады. Өзінің Би Темір алдында абырой-беделінің қаншалықты жоғары болғанын біле тұра, жырау онымен арасы алшақтап, қарым-қатынастарына салқындық енген кездің өзінде кешегі билеушісінің, пікірлесінің қадір-қасиетін төмендетуді жөн көрмейді, қайта, оның әрекеттерін асқақтата суреттейді:

«Бұз үстіне от жаққан, Бұзмай бұлан пісірген,

Мен иемдің бөрлі ала тасы едім...» –

деп өзін кішірейте көрсетеді. Бұл жәйттің өзі Шалкиіздің ішкі мәдениеті жоғары жырау болғанын айғақтайды. Би Темірді «мұз үстіне от жаққан, бұлан етін бұзбай пісірген» айбарлы да, қайратты билік иесі ретінде даңқын асыра бейнелей келіп, өзін: «Мен иемнің мөрлі ала тасы едім...» – деп көрсетуі Шалкиіз жыраудың астарлы бейне жасауға шеберлігін аңғартады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға