Жаңалықтар

I.Шал ақын

Ақынның жыраулық дәстүрдегі толғаулары, көтерілген проблемалар.
31.03.2014 11:15 34148

(1748-1819)

Ақынның жыраулық дәстүрдегі толғаулары, көтерілген проблемалар. Дидактикалық толғауларының мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктері. Ақын толғауларындағы философиялық таным және бейнелілік. Шал ақынның шешендік сөздері. Ақын поэзиясындағы күнделікті өмір көріністері және олардың маңызы. Шал ақын шығармаларының жанрлық жіктелуі. Шал – суреткер ақын.

ХVІІІ ғасырда жасаған ақындар қатарынан шығармалары да, өмірбаяндық деректері де бүгінге дейін біршама толығырақ жеткені – Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы.

Абылай ханның сенімді серігі, елге сөзі өтімді Құлеке батырдың ұрпағы Тілеуке 1748 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бала кезінен ел әңгімесіне қанығып, би-шешендер мен жыраулардың сөздерін құлағына сіңіріп өскен Тілеуке он бес жасқа бет бұрған шағында-ақ ақындық аты жайылып, алғашқы өлеңдерінің өзінде көшелі ойларымен танылғандықтан, ел арасында Шал ақын аталып кетеді.

Ойы өрісті, өткір тілді ақынның өлеңдері мен толғаулары кезінде Шоқан Уәлихановтың назарына іліккен. Ұлы ғалым өз жазбаларының бірінде Атығай руының Бейімбет тармағынан шыққан Шал деген ақын болғанын айта келіп, оның ел тарихынан сөз өрбітіп, эпикалық шығармаларымен әйгіленген жырау болғанын көрсетеді.

Ал Шал ақынның басылым бетін көрген алғашқы туындысы – 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 5-санында жарияланған «Он бес деген жасым-ай» деп басталатын толғауы.

«Он бестегі жасым-ай,

Жарға ойнаған лақтай.

Жиырмадағы жасым-ай,

Көлге біткен құрақтай.

...Жетпіс жасқа келгенде

Қараңғы тұман түн екен.

Сексен жасқа келгенде

Қазулы тұрған көр екен.

Тоқсан жасқа келгенде

Өлімнен басқа жоқ екен», – деп келетін бұл толғауы Шал ақын шығармашылығына жыраулық дәстүр мен ақындық поэзия сипаттарының қай-қайсы да етене болғанын аңғартады.

Шынында да, шығармаларының дені ақындық поэзия үлгісінде болғанымен, Шал ақын өзіне дейінгі жыраулар дәстүрін де жатсынбай, көптеген жыр-толғаулар шығарған. Оның дәстүрлі үлгідегі толғаулары көтерген проблемалары, көркемдікмазмұны мен пішіндік жаратылысы тұрғысынан жыраулар поэзиясымен үндес. Мәселен, ақынның:

«Арғымақ ат кімде жоқ,

Міне алмасаң атша жоқ.

Ағайын-туған кімде жоқ,

Сыйласпасаң жатша жоқ.

...Қамқа тонның тозғанын

Көп жасаған қарт білер,

Ағайынның асқанын

Қарындас білмес, жат білер...» –

деген үлгіде келетін толғаулары мазмұны жағынан да, сыртқы пішіні жағынан да жыраулардың толғауларымен арналас екені айдан анық.

Ақынның дидактикалық сарындағы кейбір шығармалары поэзиялық пішіні тұрғысынан жыр, толғаулар өлшемінен бөлектеу болса да, мазмұны жағынан жыраулардың ойларымен желілесіп жатады. Бұл жағдай Шал ақынның халықтық және жыраулар поэзиясын жетік біліп қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан еркін игере дамытқанын көрсетеді. Мәселен, Шал ақынның осындай өлеңдерінің бірі төмендегідей:

Меке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі. 

Ата менен анаңды құрметтесең,

Меке болып табылар үйдің іші.

Берілген өлеңмен үндес жыр, толғауларды жыраулардың әрқайсынан да табуға болады.

Жалпы, Шал ақынның дидактикалық толғауларының тақырыбы өмірдің түрлі құбылыстарын қамтиды. Өмірдің мәні, өмір мен өлім, дүниенің өткіншілігі, адамның екі дүниедегі орны, жақсы мен жаман, байлық пен жоқшылық, парасат пен парықсыздық, білімділік пен надандық, сөз қадірі, бақ пен сор, отбасының берекелі-берекесіздігі, таупық пен тойымсыздық, достық пен қастық, ерлік пен ездік, дін мен иман т.с.с. алуан-алуан мәселелерге көңіл қойып, ой толғауы Шал ақынның дүниетаным кеңістігінің, білім өресінің аса жоғары деңгейде болғанын танытады. Сондай-ақ, айтар ойын қазымырлана созбақтамай, бейнелі көріністермен салыстыра жеткізуге шеберлігі де оның сөз қасиетін кәміл ұғынған салиқалы ақындығын айғақтайды. Мәселен, ол адам өмірінің қас-қағым сәтте өте шығар құбылыс екенін, ал сол өмірде көрген жақсылықтың қадіріне жете алмасаң, тез-ақ ұмытылар өткінші нәрседей құнсызданып кетерін:

Бұл дүниенің мысалы –

Ұшып өткен құспен тең.

Өмірде көрген жақсылық – 

Ұйықтап өткен түспен тең, – деп бейнелі салыстырулар арқылы әсерлі жеткізеді. Ал философиялық мазмұндағы салмақты ойды әр адамның еркін қабылдауына мүмкіндік беретін мұндай бейнелілікке қол жеткізу – ақынның шығармашылық ойлау қабілетінің кемелдігінің белгісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға