Жаңалықтар

I.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

ХVIІІ ғасырдағы хандық биліктің өзіндік ерекшелігі. Қазақ хандығына көршілес елдердің көзқарасы.
31.03.2014 06:17 5473

ХVIІІ ғасырдағы хандық биліктің өзіндік ерекшелігі. Қазақ хандығына көршілес елдердің көзқарасы. Жоңғар мемлекетіндегі өзгерістер және олардың қазақ халқына қатерлілігі. Жоңғарлардың алғашқы шабуылдары. Қазақ хандығындағы өзгерістер. Қазақ-жоңғар қарым-қатынасының шиеленісе түсуі. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама». Жоңғар шапқыншылығына қарсы тұру. Көршілес өзге елдерден төнген қатерлер. Жүз хандарының түрлі саяси шешімдері. Абылайдың ел билігіне келуі. Жоңғарларды жеңу. Көршілес елдермен саяси байланыстар сипаты.

ХVIІІ ғасыр – қазақ халқының тағдыр-талайы сынға түскен аса күрделі дәуір. Ғасырдың алғашқы он бес жылында Тәуке хан билігін жалғастырса, одан соңғы жылдарда Қайып хан (1715-1718), Болат хан (1718-1729) ел тізгінін ұстады. Қазақ елі жайлаған ұланғайыр кеңістікте ғасырдың алғашқы ширегінде Орда билігі сақталғанымен, содан кейінгі кезеңде тұтас елді құрайтын жүздердің әрқайсында өз хандары болды. Мәселен, Ұлы жүзде – Жолбарыс, Орта жүзде – Сәмеке (Шахмұхамбет), Кіші жүзде Әбілқайыр билік етті. Тұтас ел билігі жоғарыда аталған Орда хандарының қолында болды және оларға Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты әйгілі билер ақыл қосып, кеңес берді. Ал ойы мен сөзі ел мұратымен ұштасқан жыраулар барша халықтың тағдыры шешілетін сын сәттердің бәрінде алғы лектен табылып, ханды қайрады, халықты жігерлендірді.

 Хандықта Үш жүздің билеуші хандары жиналып, ел тағдырын келелі кеңеске салу дәстүрі де болды. Дегенмен, әр жүздің ханы өз мүддесін басым қоюға ұмтылғандықтан, бір орталықтан басқару жүйесі біртіндеп әлсірей берді. Ел ішінде туындаған осындай осалдықты іргелес елдердің билеушілері өз пайдаларына жаратуға күш салды. Оңтүстік-батыстан Жайық казактарына арқа сүйеген Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүз жеріне оқтын-оқтын шапқындауға кіріссе, солтүстіктен Сібір казактары шабуылдаумен болды. Орта Азиямен шектес аймақтарға Бұқара мен Хиуа хандықтары тыныштық бермеді. Осылардың қай-қайсынан да қатерлі болғаны қазақ халқын жойып жіберіп, ел иелігіндегі байтақ жерді емін-еркін жайлауды көздеген көшпелі жоңғарлар еді.

Жалпы, Қазақ хандығы дербес мемлекет жолына түскен жылдардан бастап-ақ, жоңғарлармен ұдайы қақтығысып, соғысып келген. Тек жоңғарлар 1635 жылы қонтайшы Батурдың күш салуымен тұтас хандық болып біріккенге дейін ойрат тайпаларының атауларымен танылып келді. Жоңғархандығы құрылғанға дейін қазақ елі әртүрлі ойрат тайпаларымен күрес жүргізіп келсе, бытыраңқы тайпалар біріккеннен кейін бір орталыққа бағынып, жауынгерлік күштерін топтастырған әлуетті мемлекетпен соғысуға мәжбүр болды. Қазақ-жоңғар шиеленісі Батур қонтайшы (1634-1654) тұсында ерекше ширықты. 1640 жылы Жоңғар хандығының орталығыҚарақорымда Батур қонтайшының бастауымен Құрылтай өткізіліп, сол жиында жоңғарлардың алдағы уақыттардағы әрекет-қимылдарының «Дала жорығы» аталған жоспары тиянақталады. Осыдан кейінгі кезеңдерде жоңғар билеушілері тарапынан қазақ жеріне жасалған шапқындар мен шабуылдардың барлығы да аталған жоспарға сай ұйымдастырылған соғыс қимылдары еді.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға