Жаңалықтар

I.Көтеш ақын

Ақын өлеңдерінен танылатын ақынның өз жаратылысы және өмірінің суреттері.
31.03.2014 10:46 10835

(1745-1818)

 Ақын өлеңдерінен танылатын ақынның өз жаратылысы және өмірінің суреттері. «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» өлеңінен танылатын өмір көріністері. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік шындық және құбылмалы дүние философиясы. Ақын шығармаларындағы күнделікті өмір бейнесі. Ақын шығармашылығындағы сатира мен юмордың орны. Ақынның сөз қағысулары мен қағытпалары.

Баянауыл өңірінің тумасы Көтеш ақынның даңқы «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» деп басталатын өлеңі арқылы шыққан. Хандық дәуірдегі әдебиетті зерттеуші ғалым М.Мағауиннің жазуынша, Көтеш осы өлеңін шығарған кезде он жеті жаста екен.

Ақынның бұл өлеңіне тән кейбір сипаттарды ХVІІІ ғасырдағы ақындар поэзиясына шолу жасау барысында айтып өткен едік. Негізінде, Көтештің ақындық даңқын шығарған осы өлеңге себепкер болған оқиғаның нақты жай-жапсары белгісіз. Десек те, өлеңнің бірінші шумағын оқи отырып, Мейрам руының Ботақан деген жігіті кісі қолынан мерт болғанын, оның өлімі үшін Абылайды кінәлі санаған жігіттің руластары Хан ордасын қоршай жиылып, құн даулағанын көреміз. Екінші шумақтан аңғарылатын жағдай – Абылай ханның салдырған қаласының өртеніп кеткендігі, сол өрт үшін Мейрам руының Жанай деген адамының кінәланып, қамауға алынғаны, «Мейрам руына жала жабылды» деп ашуланған жұрттың тағы да Хан ордасына келіп, Жанайды босатуды талап еткендігі. Бұл – қос шумақтан тұратын өлеңнен танылатын көріністер.

Алайда өлеңнің нақты мазмұнын айналсоқтап қалмай, өлеңнен көрінетін осы жәйттерге ойлана қарасақ, сол дәуірдегі қазақ халқының өмірінде орныққан Дала демократиясының көріністерін көрер едік. Демек, бұл жағдай жыраулар мен ақындар поэзиясына тек көркем сөз үлгілері ретінде қараудың аздық ететінін аңғартады. Сол себепті хандық дәуірдегі поэзиялық туындыларға сол дәуірдің бейнесі ретінде қарап, соған орай тереңірек үңіле зерделеу абзал болмақ.

Сондай-ақ, ХVІІІ ғасырда ақындар поэзиясының туып, қалыптасуында өзіндік орны бар Көтеш ақынның өлеңдерінен ел өміріне уақыт енгізген өзгерістермен қатар, оның өзіне ғана тән дара мінезі, көзқарасы, таным-түсінігі, өз өмірі мен күнделікті тірлігінің бейнесі де танылатынын ескеру уәжіп. Ал шығармалардан автордың өзіндік даралық белгілерінің көрініс бере бастауы да – ақындық поэзияға тән сипаттардың бірі.

Енді ақын өлеңдерінен танылар осы жәйттерге назар аударып, ақынның өз болмысын, тіршілік жайын бағамдап байқалық. Абылайға арналған алғашқы өлеңінде:

«...Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң, Болады ертең жесір қатын-балаң!!!» – деп батыл мінез танытатын он жеті жасар ақынның бұл өткірлігі уақыт өте келе өзгеріп, құбылмалы адам мінезін әжуалай сынауға бейім мысқылшыл мінезге ауысады. Ақынның қолда бар өлеңдерінің астарына жіті үңілсек, оның мінезіндегі бұл өзгерістің себебін де түсінеміз. Ол себеп – қолдың қысқалығы және сол жоқшылықтың өз төңірегіндегі жұрттың ақынға деген көзқарасына, қарым-қатынас сипатына әсер етуі. Ақын мінезіндегі өзгеріс сырына қанығу үшін Көтеш ақынның өз өлеңіне көз салсақ, ол өзінің жағдайсыз күйін, ағайын-жұртына деген өкпе-ренішін:

Күркелінің бауыры күнде дауыл, Көтеш қалды жұртында жалғыз ауыл. Ауырып жатқан көңілімді бір сұрамай, Шын Сексеннің баласы қара бауыр.

Бір жанымның қамы үшін жүрдім саяқ, Не қыламын бұл малды жаннан аяп.

Ауырып жатқан күнімде бір қайырылмай, Ет дегенде қалмапты тайлы-таяқ.., – деп әжуа-мысқылға орай жеткізеді.

Ақын өлеңінен көрінетін сурет те, ақын ағайындарының қылығы да, ақынның өз әрекеті де, көңіліндегі реніш те түсінікті. Ақын өз өмірінің шындығы мен сол шындықтан туындаған ішкі сезімін қаз-қалпында бейнелеп берген. Ал осы бейнелердің мазмұнында жалғыз ақын өмірінің емес, жалпы адам баласының өмірлік шындықтары жатыр. Ол шындықтың негізі – құбылмалы дүние философиясы. Бұл философия – ақын ойында кенеттен пайда болған ой емес, өзімен дәуірлес жыраулар поэзиясында алуан үлгіде алға тартылған ойлардың жаңаша қорытылуы, ақындық поэзия ерекшелігіне лайықтала көрініс беруі.

Мәселен, құбылмалы дүние бейнесі ХVІІІ ғасырдағы Ақтамбердіде:

«Мал-басы өскен адамның Алды-арты бұрқар бу болар. Көтере алмай дәулетін Көрінгенге бу қылар.

...Жетім менен жесірге Қазары ылғи ор болар. Онымен жолы болмайды, Біреуден қайтып қор болар», – деп жырланса, Бұқар жырауда:

«Қара арғымақ арыса, Қарға адым жер мұң болар. Есіл көзден нұр тайса, Бір көруге зар болар. Батпақты сайға су түссе, Атың арып келгенде Өткел бермес кешерге. Қайырсыз итке мал бітсе, Аңқаң құрып келгенде Саумал бермес ішерге...» – деген мазмұнда келеді.

Заманы бір жыраулар мен Көтеш ақынның айтар ойында айырмашылық жоқ деуге келеді. Бұл тұстағы айырмашылық– айтылар ойды жеткізу тәсілінде. Жыраулар философиясы дидактикаға арқа сүйесе, ақын поэзиясындағы философия реалистік суреттеулер арқылы көрінеді. Осыған орай жыраулар мен ақындар шығармашылығының тағы бір ерекшелігі танылады. Яғни, ақын – өз шындығы арқылы көпке ортақ шындықты бейнелейтін суреткер.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға