Жаңалықтар

I.Ежелгі әдеби мұралар және жыраулар поэзиясы

Әдебиеттегі өзгерістер сипаты. Жыраулар поэзиясы – ежелгі жәдігерлердің көркемдік-идеялық мұрагері. Түркі және қазақ жырларындағы көркемдік мазмұн сабақтастығы.
31.03.2014 03:24 7648

Тарихтан мәлім: Алтын Орданың құрамдас ұлысы саналған Көк Ордада бірнеше жылдарға созылған ішкі талас-тартыс, бітіспес күрестер нәтижесінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастауымен 1456 жылы дербес Қазақ хандығы құрылады.

Қазақтың төл әдебиетінің бастау тұсын да осынау тарихи оқиғамен сабақтастыра, осы жылдармен орайластыра тану қалыптасқан­. Дегенмен, бұл тұста ескерілуге тиісті бір жәйт бар. Ол жәйт әдебиеттің өзіндік ерекшелігіне қатысты. Яғни әдебиеттің ел өміріндегі қоғамдық-саяси өзгерістерге бейімделе, бір сәтте бет-бағдарын айқындап, идеялық-көркемдік мазмұнынжаңартып әкете қоятын құбылыс емес екендігін әрдайым назарда ұстау қажет.

Бұл тұрғыда әдебиеттегі өзгерістер екі түрлі мән иеленеді. Бірінші жағдайда әдебиет елдің өміріндегі болашақ өзгерістерге әу бастан идеялық, идеологиялық негіз болады және қоғамдық-саяси өзгерістерден кейін сол өзгерістердің жолбастаушысына айналып, елді ортақ мақсатқа ұйыстырушы рөлін атқарады. Екінші жағдайда қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістерді бойына дарыта келе, ел өміріндегі өзгерістермен үндестік тауып, уақыт әсерімен біртіндеп жаңарады.

Ал қазақтың төл әдебиеті немесе жыраулар поэзиясы үшін бірінші жағдай тән. Өйткені дербес ел болу, дербес елде парасат пен адамгершілік ізгі мұраттарды ұлық тұта, бейбіт

тірлік кешу идеясы қазақ топырағында ХV ғасырға дейін жасалғанәдебиет жәдігерлерінде молынан ұшырасады. Сайып келгенде, ХV ғасырда Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуысол уақытқа дейінгі бірнеше ғасырлар бойында қазақ жерінде пісіп-жетілген асқақ арманның нақты іске асуы еді. Бұл жағынан келгенде, ежелгі әдеби мұраларға тән негізгі идеялардың қазақ жырауларында жалғастық табуы заңды құбылыс еді. Өйткені тарих дүниесіне жеке ел болып енген қазақ халқы көне түркілерге етене көшпелі өмір салтын ұстанған және бағзы жұрттағы барша мұраның заңды мирасқоры болатын. Сондықтанда қазақ жырауларының бағзы бабалар қалыптастырған рухани-мәдени үлгілерді өз дәуіріне сай жаңғырта, дамытып әкетуі де заңды құбылыс еді.

Мәселен, дербес елдік идеясын, дербес ел болу жолындағы ауыртпалық, қиыншылықтарды, толассыз күрес-тартыстардыV–VІІІ ғасырлар аралығында тірлік кешкен түркі бабалар:

...Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен. Сарбаздарымен аттанып, Төрт бұрыштағы халықты Көп алған, бәрін бейбіт еткен, Бастыны еңкейткен, Тізеліні бүктірген,

Ілгері (шығыста) – Қадырқан қойнауына дейін, КеріТемір қақпаға дейін жайлаған; Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді Осылай қоныстандырған екен.., –

деп тасқа қашаса, ХVІ ғасырдағы қазақ жырауы Доспамбет:

...Сере, сере, сере қар, Асты кілең, үсті мұз, Күн-түн қатса жібімес;

Мен көлікке қосымды артқанмын, Көмбідей ару жаларға Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып,

Күңіреніп күн түбіне жортқанмын! ­–

деп жырлайды.

Аңдап қарасақ, берілген қос туындының көркемдік маз­мұнынан да, ой жеткізу құрылымынан да ішкі үндестік, сабақтастық айқын аңғарылады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға