Жаңалықтар

I. Астана ономастикасы

1997 жылдың қысында Елорданың Арқа төсіне ауысуы, 1998 жылдың жазында Астананың әлемдік тұсаукесерін өткізу, сол қарбалас сәттерде Ақмоладағы санаулы көшелерге жаңа атау беру қоғамдық сананы дүр сілкіндірді.
01.03.2014 09:04 2936

Өткен ғасырдың 90-шы жылдар басындағы Целиноградта бас алаңға Ленин, жөні түзу көшелерге Мир, Целинник, Победа, Монин, ірі дүкендерге «Буратино», «Кооператор», «Солнечный», қонақ үйге «Москва», мейрамханаға «Золотая нива», қоғамдық тамақтану кешеніне «Космос» атаулары берілгенін студенттер біле бермейді.

1997 жылдың қысында Елорданың Арқа төсіне ауысуы, 1998 жылдың жазында Астананың әлемдік тұсаукесерін өткізу, сол қарбалас сәттерде Ақмоладағы санаулы көшелерге жаңа атау беру қоғамдық сананы дүр сілкіндірді.

Сарыарқаның төрінде, ерке Есілдің жағасында мыңжылдық тарихын артта қалдырған Ақмола шаһары биік мәртебеге, жаңа атауға ие болған қысқа мерзім ішінде адам танымастай құлпырды. Елордалықтар мен Астана қонақтары алғашқыда бас қаланың сәулет-құрылыс келбетіндегі ілгерілеу мен оң өзгеріске қайран қалушы еді, енді оған шырайланған ономастикалық ажары қосылды. Соңғы 10-12 жыл аясында қаладағы 1000-ға жуық көше, алаң, мәдени орындар жаңа атаумен рәсімделіп, тәуелсіз Қазақстандағы көшелі өзгерістердің айтулы нышанына айналғанына куәміз. Елордамыздағы ономастикалық өзгерістерге өзіндік ерекшеліктер де тән.

Біріншіден, ономастикалық қайта атаулар мен есім беру ісінде еліміздегі бірде – бір қала Астанамен теңесе алмайды. Жылына ондаған жаңа көшелері сап түзейтін Елордада бұрынғысы бар, соңғысы бар ономастикалық сараптамадан өтпеген көше атауы қалмады. Мұндай түбегейлі бетбұрыс қазағы қалың Алматы мен Таразда да, тұрғындары көпұлтты Қарағанды мен Қостанайда да,  шығыстағы Өскемен мен батыстағы Оралда да орын алған емес. Павлодардың көрнекті көшесіне Қ.Сәтбаев есімін беру жылдарға созылып, зорға оң шешімін тапқаны, Қарағанды қаласында Ә.Бөкейхан көшесі әлі күнге дейін жоқ екені көзіқарақты студенттерге аян. Астананың жоғары қарқынды ономастикалық түлеуі басқаларға ойтүрткі ғана емес, жол сілтеуші үздік өнеге. Ол - қазақстандық жол мен жеделдетудің нақты көрінісі. Жеделдетуді экономикалық дамуға қатысты талап ретінде түсінетіндер бар. Шынтуайтында, жеделдету өмірдің бар саласын қамтып жатыр. Ал, астаналық  ономастика солардың ең соңында тұрмағанын ЖОО-да оқытатын уақыт келді.

Екіншіден, Елорданың ономастикалық қайта түлеуі мемлекеттік-ұлттық мүдде мен стратегияға сай һәм сәйкес жүрді. Басқаша айтқанда, оның мазмұны мен пішіні, аты мен мәні қазақ мұратын, қазақ болмысын ашып тұр. Бұл Қазақстанды өз Отаны ретінде қабылдайтын басқа ұлт өкілдерін елемеу, ескермеу, шет қақпай қылу деген сөз емес. Бұл бүгінгі Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт тек қазақтар екенін дәйектейтін бірегей қадам. Жойдасыз идеологияланған, саясаттанған ескі атаулар мен есімдер орнына Қазақстанның тарихын, тұлғаларын, мәдениетін, табиғатын, болашаққа сенімі мен серпілісін ұлықтаған жаңалары келді. Ономастиканы тап осындай дәйектілікпен, табандылықпен ескі сүрлеуден алып шыққан екінші қала Қазақстанда бар дей алмаймыз. 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға