І. Қажымұқанның жеңістері
1890 жылдың қазан айында Қажымұқан тұңғыш рет үлкен күреске түседі, күрес 1891 жылдың наурыз айына дейін созылады. Осы күресте Иван Зайкин секілді бірнеше белді балуандарды жығады. Иван Поддубныймен бас бәйгеге таласып, одан жеңіледі. Қажымұқан өмірінің соңына дейін Поддубныймен достығын, оның адамгершілігін мақтап өткен адам.
1892 жылы Қазан қаласында циркте күресіп, бірінші бәйгені және мың сом алтын ақша, бір алтын медаль алады.
1896 жылы Поддубный мен Қажымұқан Францияға барып Ресей атынан күреседі. Екеуі бірінші және екінші жүлдені бөліседі.
1896 жылдың көктемінде Парижде, соңынан жүз елуге тарта дүние жүзінің әйгілі балуандары жиналған Берлинде күреседі. Осы күреске келген Поддубный ауырып қалады. Ресей атынан Қажымұқан жалғыз күресіп, ағылшын балуаны Пирар Колос екеуі бірінші және екінші орынды бөліседі. 1889 жылы Парижде Қажымұқан Пирар Колосты жеңеді.
1901 жыл. Омбы қаласында Ресейдің атақты балуаны Злобинмен күресіп, циркте өнер сөрсетті.
1906 жыл. Гамбургте (Германия) оқу-жаттығу, тәжірибе курсынан өтеді.
1906 жылы Берлин қаласында өткен Еуропа біріншілігінде француз күресін халықаралық дәрежеде паш етеді. Сол жолы Еуропа құрлығының жеңімпазы атанды.
1907 жыл. Петербор. Фарс паркіндегі біріншіліктің финалында и.Поддубныймен тең түседі.
1908 жыл. Киевте халықаралық біріншіліктің жеңімпазы атанды.
1909 жыл. Омбы, Новосібір, Барнауыл, Иркутск, Орынбор, Түмен, Қызылжар, Кереку, Баянауыл, Семей, Өскеменде күресіп, өнер көрсетеді.
1909 жылы Ригада халықаралық «Алыптардың отаны» деп аталатын біріншілік өтіп, 65 балуан қатысады. Финалда Алекс Абергтен жеңіліп, кіші алтын медаль алып, екінші орынға шығады.
1909 жыл. Швецияның Гетеборг қаласында дүниежүзілік француз күресінен үлкен алтын медаль үшін жарыс өтеді. Финалдық айқаста Абергпен кездесіп, екеуі екі күн күресіп, бірін-бірі ала алмайды, екеуіне де үлкен алтын медаль беріледі.
1909 жылы қыркүйекте Гамбург чемпионатында Қажымұқан Абергпен финалға шықты. Г.Лурих Қажымұқанға финалда Абергтен жеңілуін сұрайды, бірақ Қажымұқан оған көнбеді. Лурих екеуінің арасындағы қатынас осымен аяқталады.
Сол жылы Варшавадағы жарысқа қатысып , финалда Шемякин мен Марк Готтан ұтылып, үшінші орын алады.
1910 жылы Оңтүстік Америкадағы Аргентинаның Буэнес-Айрес қаласында еркін күрестен Америка құрлығының жеңімпазы атанады.
1910 жылы Германияда Берлин қаласында дүние жүзінің чемпионы Ганц Кауынды жеңіп, «Дүние жүзінің чемпионы» атанады.