Жаңалықтар

Хорватиялық сарапшылар Қазақстандағы саяси өзгерістерге баға берді

Хорватиялық сарапшылар Қазақстандағы саяси өзгерістерге баға берді
Фото: gov.kz 09.03.2023 18:15 1219

Қазақстанның Хорватиядағы Елшілігінде көрнекті қоғам қайраткерлерінің, Сабор депутаттарының, хорват дипломаттары, іскер топтары, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Елшісі Алтай Әбибуллаев кездесуге қатысушыларды сайлау барысымен, азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметі, сондай-ақ Қазақстандағы сайлауалды науқан барысы туралы егжей-тегжей хабардар етіп, 2022 жылдың 5 маусымында жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған Конституцияда саяси партиялар мен қоғамдық белсенділік танытатын барлық азаматтарға сайлау додасына түсу жолында ауқымды әрі тең жаңа саяси мүмкіншіліктер берілгенін басып айтты. Елші өз сөзінде алдағы парламенттік сайлаудың бұрынғы сайлаулардан негізгі айырмашылықтарын ашып айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ерекше атап өтті.

Талқылау барысында қатысушылар алдағы сайлаудың Қазақстанның болашағы мен Қазақстан-Хорватия ынтымақтастығы үшін маңыздылығы туралы өз пікірлерімен қызу алмасты. Президенттік сайлауға дербес бақылаушы ретінде Қазақстанда болған хорват парламентінің вице-спикері – қазақ-хорват парламентаралық тобының мүшесі Даворко Видович Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатта стратегиялық өз бағытын одан әрі жалғастыратынына кәміл сенім білдіріп, еліміздегі ішкі саяси демократиялық өзгерістерге жоғары бағасын берді. Депутаттың пікірінше, Балқан аймағы ашық аспан мен бейбітшіліктің ащы құнын бағалай алатын аймақ, сондықтан өз көршілерімен бейбіт ынтымақтастық орнатып, прогрессивті саяси реформалар енгізіп ұлтаралық және дінаралық үйлесімді келісімін тауып отырған Қазақстанның маңыздылығы мен тарихи миссиясы ерекше.

Хорват Конституциялық Сотының судьясы Мато Арлович сайлау науқанында барлығына тең құқық берілгенін және ол ашықтық қағидатымен өтіп жатқанын аса басып атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанда жаңадан құрылған Конституциялық сот институты – заңның үстемдігін, демократиялық стандарттар мен әлеуметтік тұрақтылықты одан әрі нығайтуға бағышталған өте маңызды мемлекеттік құрылым.

Хорват Саборындағы парламентаралық ынтымақтастық тобының өкілдері Давор Иво Штир мен Степан Вукас Қазақстан-Хорватия қатынастарының қарқынды дамуын және хорват халық қалаушыларының Астанаға сапарын ұйымдастырумен парламентаралық диалогты жандандыруға дайындығын қанағаттанушылықпен атап өтті. Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар хорват Саборымен ынтымақтастыққа зор серпін беретініне сенім білдірілді.

«EUbusiness» талдау орталығының еуропалық сарапшысы әрі басшысы Харис Боконың пайымдауынша, ушығып отырған геосаяси тұрақсыздық тұрғысында, отын және шикізат көздеріне бай Қазақстанның транзиттік-көліктік бағыттарды әртараптандыруда атқарар рөлі жақын болашақта одан әрі нығая түседі. Ол халықаралық сахнадағы сенімді әріптес – Қазақстан осынау қиын-қыстау геосаяси өтпелі заманда бүкіл ЕО пен Балқан елдеріне маңызды серіктес болып, өз саяси әрі демократиялық реформаларын парламенттік сайлау арқылы одан әрі нығайтуға бет алған мемлекет екендігін басты назарда ұстаған абзал деп атап өтті.

Брифинг соңында А. Әбибуллаев сайлау күні – 19 наурызда Загребтегі Қазақстан Елшілігінің жанынан сайлау учаскесі ашылатынын, онда сайлау құқығы бар, Хорватияда тұрақты тұратын немесе уақытша келген барлық Қазақстан азаматтары дауыс бере алатынын хабарлады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға