Хоккейден Қазақстан құрамасы Олимпиадаға іріктеуде Австрияны жеңді

Шайбалы хоккейден Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
D тобындағы іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы екінші матчты Австриямен өткізді
Өте тартысты ойынның тағдыры соңғы минуттарда шешілді.
Алдымен Қазақстан құрамасының ойыншысы Дмитрий Бреус ойынның 2-минутында есеп ашып, команданы алға шығарған.
Ал 43-минутта австриялық хоккейші Рафаэль Хербургер есепті теңестірді.
Араға он минут салып Тамирлан Гайтамиров Қазақстан құрамасын алға шығарды. Есеп - 2:1.
Қазақстан құрамасы матч соңына дейін осы басымдықты ұстап, топтағы екінші матчта жеңіске жетті.
Қысқы Олимпиада жолдамасын топта жеңімпаз атанған команда ғана иеленеді. Қазақстандықтар шешуші матчта Словакиямен өзара кім мықтыны анықтайды.
