Жаңалықтар

Хиуадағы саммитте ұлттық спорт мәртебесі көтерілді

Хиуадағы саммитте ұлттық спорт мәртебесі көтерілді
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы 09.09.2023 22:06 1037

Өзбекстанның Хиуа қаласында Халықаралық этноспорт саммиті өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш жиынға 60-тан астам елдің үкіметтік шенеуніктері, федерация өкілдері мен ғалымдары, сондай-ақ қазіргі уақытта Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына кірген елдердегі арнайы мекемелерден 24 өкіл келді. Сондай-ақ саммитке Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нажмеддин Біләл Ердоған мен  Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икрамовтың арнайы шақыртуымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек пен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов та қатысты.

Хиуадағы саммитте ұлттық спорт мәртебесі көтерілді

Саммит аясында жоғары деңгейдегі министрлер алқасы, этноспорт фестивалі және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мүшелерінің VI кездесуі сияқты маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Талқылаулар өткен келелі жиындарда ұлттық спорт түрлерін дамыту және оның ауқымын кеңейту мәселелері қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды.

Хиуадағы саммитте ұлттық спорт мәртебесі көтерілді

Жиында арнайы сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов саммитке қатысушыларды келесі жылы Қазақстанда өтетін V-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына шақырып, бірқатар мәселелерді көтерді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір спорт түрін жоғары деңгейге көтеру үшін ең алдымен оны регламенттеп, ережесін жасап жетілдіру қажет. Онсыз ешқандай спорт тиісті деңгейде дамымайды.

Сол секілді түркітілдес мемлекеттер жиналып ұлттық спорт түрлеріне ортақ ереже бекітіп, нормативтік базасын қалыптастыру арқылы болашақта ұлттық спорттың бір түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргізсек баршамыздың ортақ жеңісіміз болар еді.

Сондықтан да Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына мүше барлық мемлекеттер жұдырықтай жұмыла алға қойған ортақ мақсаттарымызға жетеміз деген үміттемін, - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Хиуадағы саммитте ұлттық спорт мәртебесі көтерілді

Айта кетейік, бүгінде Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына 16 мемлекет мүше. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Моңғолия, Венгрия, Грузия, Ресей, Аргентина, Жапония, Мексика, Польша, Катар, Румыния, Тунис, Литва.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға