Харассментке ұшырап жүрген жоқсыз ба?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген «ҚР еңбек саласындағы харассмент пен зорлықтың деңгейін, негізгі себептерін зерттеу» көрсеткендей, жұмыс орнындағы харассмент мәселесі өзекті. Зерттеуде респонденттердің жартысынан астамы (51%) Қазақстанда жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Депутат Дархан Қыдырәлінің дерегінше, харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6% бұл фактілердің бірнеше рет болғанын атап өткен. Азаматтардың уақытының көп бөлігі жұмыс орнында өтетінін ескерсек, бұл – алаңдарлық жайт. Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы – үлкен мәселе. Әсіресе, зорлық-зомбылыққа қатысты елімізде болған шулы оқиғалар әйелдердің жеке шекарасы қорғалмай жатқанын көрсетіп берді. Осы ретте оны қалай ажыратамыз? Одан қалай сақтануға болады? Қайда шағымдану керек? Шетелдерде харассмент қалай жазаланады? Бізде заңда қалай көрсетілген? деген өзекті сауалдарға жауап іздеп көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Харрасменттің белгілі бір тұлғаға физикалық қана емес, менталды немесе эмоциялық қысым көрсетуі екенін ескеру қажет. Зерттеу көрсеткендей, харассмент жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны (41%) және корпоративтік іс-шаралар (38%).
Харассмент деген не?
«Харассмент» термині ағылшын тіліндегі harassment сөзінен шыққан. Харассмент дегенде көпшілік басшылықтың қол астындағы қызметкеріне жыныстық қысым жасауын түсінеді. Бірақ оның аясы кең, басқа да сипаттары бар. Тұлғаның жеке шекарасын бұзатын кемсітушіліктің кез келген түрі харассментке жатады. Ол жынысына байланысты әзіл, намысын таптайтын сөз. Жұмыс орнында, автобуста, кафеде, кез келген қоғамдық орында болуы мүмкін. Адамның қалауынсыз жасалған қол тигізу, жанасу, дөрекі сөз айтуды харассмент ретінде қарастырып, шағымдануға болады.
Харассмент тек жыныстық қудалау ғана емес. Әртүрлі жолдармен адамның жеке шекарасының бұзылуы. Харассмент дөрекі сөздер, мессенджерлердегі ұятсыз хабарламалар, себепсіз қоңыраулар мен жанасулар болуы мүмкін. Оған мысал ретінде нәсілдік, діни, жыныстық ерекшелігіне байланысты төмендету, кемсітуді де айтуға болады.
Бұл ұғым қалай пайда болды? Алғашқы сот отырысы
Тарихи тұрғыдан алғанда, харассмент АҚШ-тағы жыныстық және нәсілдік кемсітушілікке қарсы күреспен байланысты. Алғаш рет АҚШ-та 1964 жылғы азаматтық құқықтар туралы Заңның VII бөліміне заңнамалық деңгейде жыныстық қудалау ұғымы енгізілді. Осыдан кейін сот ісі басталды. Көбінесе талапкерлер жұмыс берушілері қудалаған афро-америкалық әйелдер болды.
1986 жылы Винсонның Мечел ісі резонанс тудырды. Афро-америкалық әйел Вашингтондағы Федералды жинақ банкінде жұмыс істеді. Ол бастығы жұмыста жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деп сотқа жүгінді. Аудандық сот Винсонды әйел жұмыс берушісіне жыныстық қудалау фактісі болғанын айтып шағымданбағанын алға тартып, талаптардан бас тартты. Содан кейін ол Жоғарғы сотқа шағымданды. 1986 жылы 19 маусымда Жоғарғы Сот Винсонның пайдасына шешім шығарып, жұмыстағы жыныстық қудалау заңсыз деп шешті.
Харассмент жасалғанын қайдан білеміз?
Жұмысқа әдемі көйлек киіп келген қызға жұмыстасы қошемет сөз айтса, мұны харассмент деп айта алмаймыз. Жұмыспен қамту саласындағы тең құқықты қамтамасыз ететін комиссия харассментті биліктің қарамағандағылар жыныстық қуадалау жасау деп нақтылаған. Егер басшы ұятсыз ескертулер жасап, қызметтік баспалдақтағы өсуге байланысты интимдік ұсынысты ишараласа, бұл – харассменттің көрінісі.
Тағы бір белгісі – жиі жанасуға, жақындасуға тырысу. Басшының үнемі жеке шекараны бұзатын мәлімдемелер жасауы, қызметкерге қол тигізуі немесе тікелей қудалауы. Бірақ сипаттама жүйелі болуы міндетті емес. Егер біреу жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде барса, онда осындай бір оқиға жауапқа тарту үшін жеткілікті. Харассменттің психологиялық белгісі – қорлау мен үнемі қысым жасау, қудалау, сондай-ақ жәбірленушіге қысым жасайтын атмосфераны тудыру.
Харассменттің тағы қандай түрлері бар?
Харассмент әрқашан жыныстық қатынасқа байланысты емес. Харассментке діни көзқарасына байланысты кемсітушілік те жатады. Егер жетекші өзінің басқа дінде екенін айтса, мұны харассмент деуге болмайды. Ал қызметкердің діни көзқарасын өзгертуге тырысып, жұмыстан шығарумен немесе қызметте төмендетумен бопсаласа, бұл – харассменттің көрінісі. Бұл жұмысшының діни көзқарасы туралы қорлайтын сөздер арқылы да көрініс табады. Қызметкерді діни рәсімдерге еркінен тыс қатыстыруын да жатқызуға болады.
Харассменттің тағы бір түрі – көшедегі зорлық-зомбылық немесе catcalling деп аталады. Көшеде бейтаныс адам мүсініңізге немесе сыртқы келбетіңіз туралы бірдеңе айтса, оны қудалау деп санауға болады.
Харассмент қалай жазаланады? Әлемдік тәжірбие
Құқықтық жағынан дамыған елдерде харассмент Азаматтық құқық бұзушылық деп танылады, кейбір жағдайларда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2002 жылы Еуропалық Одақ гендерлік теңдік директивасына тиісті түзету енгізіп, харассментті заңсыз деп атады. Әр елде харассмент үшін жауапкершілік шарасы әр түрлі. АҚШ-та жұмыстағы қудалау үшін өтемақы жұмыс берушінің мойнына түседі. Қызметкердің әрбір шағымын арнайы комиссия қарайды және айыпталушыға қатысты шешім қабылданады. Қызметкерлерді жұмыста жыныстық қудалау мәселелері бойынша тренингке жібереді, психологпен жұмыс істеуге кеңес береді, харассмент жасаған басшыға сөгіс жариялайды, жұмыстан шығарады, сондай-ақ айыппұл салуға болады. Егер харассмент қылмыстық құқық бұзушылықпен – жыныстық зорлық-зомбылықпен, физикалық қудалаумен, жеккөрушілік қылмысымен байланысты болса, онда ол үшін түрмеге қамайды. Мысалы, Германияда жыныстық қудалау жасауға ұмтылу үшін екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Қазақстанда харассмент заңда қарастырылған ба?
Қазақстандық заңнамада «жыныстық қудалау» немесе «харассмент» деген ұғым жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінде «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық», «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттер» және «жыныстық қатынасқа, немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу» сияқты ұғымдар бар. Алайда, «харассмент» термині жыныстық қатынасқа физикалық мәжбүрлеуден гөрі кеңірек болғандықтан, біздің заңнамамыз бұл ұғымды әзірге назарға алмай отыр деп айтуға болады.
ҚР-дағы жұмыс орнындағы жыныстық қудалауға қатысты жалғыз резонанстық іс Анна Белоусованың ісі болды. Қостанай облысы Перцовка ауылының 35 жастағы тұрғыны жергілікті мектепте гардеробшы болып жұмыс істеген. Мектеп директоры Анна Белоусованың айтуынша, оған бірнеше рет интимдік сипаттағы ұсыныстар жасаған. Бас тартқаны үшін қыздан 10 мың теңге талап еткен. Ал әйелдің жалақысы 15 мың теңге болған. Көп ұзамай ол жұмыстан шығып, сотқа жүгінді. Алайда Анна Белоусоваға өтемақы төленбеді.
Харассментті заңмен бекіту ұсынылып жатыр
Депутат Дархан Қыдырәлі елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы да үлкен мәселе екенін айтып, өзекті тақырыпты көтерді.
«Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан азаматтарымызды зорлық-зомбылық мен харассменттен қорғауда заңнаманы күшейту кезек күттірмейтін іс. Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы азамат кез келген жерде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек», - дейді сенатор.
Дархан Қыдырәлінің сөзінше, халықаралық еңбек ұйымының №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенциясы бар. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялаған. Қазақстанның құжатқа қосылғаны маңызды қадамдардың бірі болмақ.