Жаңалықтар

«Хан келеді, кетеді, халық қалады»: Қонаевтың дүниеден өткеніне 30 жыл

«Хан келеді, кетеді, халық қалады»: Қонаевтың дүниеден өткеніне 30 жыл
Фото: Дінмұхамед Қонаев / Әлеуметтік желіден 22.08.2023 12:35 1704

Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1993 жылдың 22 тамызында, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұхамед Қонаев өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өз заманының ұлы саясаткері бола білген Дінмұхамед Қонаев ел экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылым мен мәдениетті дамытуға айрықша үлес қосты. Одан қалды 1960 жылдардың басында Никита Хрущевтің шешімімен Өзбекстанға беріліп кеткен жеріміздің біраз бөлігін елімізге қайтарды.

Билікте жүріп қарапайымдылығын, ұлтына деген жанашырлығын сақтай білді. Осы орайда нар тұлға азаматтың нақыл сөздерін тағы бір еске салып өтсек дейміз.

* Хан келеді, кетеді, халық қалады. Халық қалса, тас қалады.
* Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.
* Атқа мінген әкімнің үзеңгісін тең баспағанын бетіне бассаң бас, бірақ тарихқа, тағдырлас халыққа қиянат жасама.
* Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте.
* Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.
* Өмір деген осы, бүгін бар, ертең жоқсың. Сен кетті екен деп өмір-өзен ағысын өзгертпейді.
* Жастық шақ қанаттарын жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.
* Өмірдің екі тірегі бар. Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
* Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
* Адам айнасы – адам.
* Ақиқаттан атап кету – арға сын.
* Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды.
* Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
* Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.
* Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.
* Жалада шындық болмайды.
* Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі өзіндей болады.
* Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
* Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.
* Орынды сын ойлантпай қоймайды.

Күрделі кезеңде де ұлтының адал перзенті болған ұлы тұлға 1993 жылы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға