Жаңалықтар

"Халықтың қаржысын қайтару операциясы". Қайрат Боранбаевтан мүлік тәркілеу жалғасып жатыр

"Халықтың қаржысын қайтару операциясы". Қайрат Боранбаевтан мүлік тәркілеу жалғасып жатыр
Фото: instagram.com/kairat4 20.10.2023 18:32 3113

Апта басы Қаржы мониторинг агенттігінің Қайрат Боранбаевқа қатысты ақпараттарымен басталды. Бір қызығы, агенттік әр күн сайын Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған мүлігі туралы мәлімдеме жариялап отырды. Ендеше, түрмедегі қазақстандық миллиардердің халыққа қанша қаржы қайтарғанына шолу жасап көрейік.

Қайрат Боранбаев - еліміздегі ең ықпалды 50 кәсіпкердің алғашқы ондығынан орын алған кәсіпкер. Сондай-ақ экс Сенат спикері Дариға Назарбаеваның құдасы болған. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болғаны белгілі.

Қайрат Боранбаевқа қандай айып тағылды?

2022 жылдың наурыз айында Қайрат Боранбаев қамауға алынды. Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және «Qazaq Gaz» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айып тағылды.

2023 жылдың 31 наурызында кәсіпкерге қатысты алғашқы сот шешімі шықты. Сот Қайрат Боранбаевқа мал-мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Кейін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты алдында шығарылған сот үкімінің күшін жойды. Бұған Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған.

Осылайша тамыз айында өткен сот отырысы барысында кәсіпкер өзіне тағылған кінәні мойындап, процессуалдық келісім жасаған Боранбаевтың үкім мерзімі 8 жылдан 6 жылға қысқарды.

Кәсіпкер мемлекет меншігіне қандай мүлікті қайтарды?

Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарлануда.

Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды. Еске салайық, көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өтеген болатын.

Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады.

Сондай-ақ, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда.

«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері - құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма. Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық.

Сонымен қатар, құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адамды құрайды. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға