Жаңалықтар

«Халықтың қалтасына тас салып бермейміз бе?!». Депутат салық режимі Қазақстан заңдарына бағынбайтынын айтты

«Халықтың қалтасына тас салып бермейміз бе?!». Депутат салық режимі Қазақстан заңдарына бағынбайтынын айтты
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 11.09.2024 11:21 456

Мәжілісте «ҚР Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров шетелдің инвестициялары Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келуі керек екенін атап өтті. Депутаттың сөзінше, инвестициядағы салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді емес.

Біз шетелдік инвестицияға қарсы емеспіз. Бірақ шетелдің инвестициялары Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келуі керек. Мысалы, мына келісімшартқа қарайтын болсақ, екінші бабында салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді емес деп жазылған. Ал келісімшарттың бірінші бабында қосымша салық преференциясы қарастырылады деп жазылған. Келіп жатқан инвестиция Қазақстанның заңдарына бағынбайтын болса, экономикалық процесті қалай бақылаймыз? Екінші сұрақ, қосымшада мобайл телефон сервисті сату жөніндегі бабында мемлекеттік органдардың сатып алушының коммерциялық, операциялық ісіне араласуға тыйым салынады деп жазылған. Бұл мобайл телеком сервистің мемлекеттің меншігінде бола тұра олардың «тәбетіне» біз ие бола алмай отырмыз. Ертенгі күні ол шетелдің компаниясына кетіп қалса, оларды біз қалай бақылаймыз. Егер олар тарифті, интернетті өсіретін болса, мемлекет оған тұсау салмайтын болса, халықтың қалтасына тағы үлкен тас салып бермейміз бе?!, - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жауап берді.

Салықтық жеңілдіктерге тоқталсақ, қазір келіп жатқан барлық инвесторларды алатын болсақ, оларға арнайы инвестициялық шарттар арқылы жеңілдіктер беріп отырмыз. Себебі инвесторлардың бүкіл әлемдегі инвестицияға қатысты алғы шарттардың бірі - салықтық жеңілдіктер. Әрине, Катарлық инвесторларда осындай салықтық жеңілдіктерге жетуді көздейді. Мобайл телекомға келетін болсақ, операциялық қызметіне тек олардың акционерлері ғана араласа алады. Олардың өздерінің құрылымдары бар, коопоративті басқару жүйелері арқылы компания басқарылады. Әрине, олар заң аясында жұмыс істейді. Олар бәсекелестік ортада жұмыс істейді. Егер олар тарифті қымбаттатып жіберсе, кім олармен жұмыс істейді?! Нарықтық орта бар. сондықтан нарық тәуекелділікті реттейді деп ойлаймын, - деді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға