Халықтың осал топтары газға жеңілдіктерге қол жеткізе алады

Елімізде «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы кеңейтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасының нәтижелерін таныстырды.
Министр атап өткендей, тапсырма шеңберінде Премьер-министр Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында мемлекеттік атаулы әлеуметтік (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТК) алушыларға тауарлық газға ваучерлер ұсыну қызметін көрсету бойынша «Әлеуметтік әмиян» пилоттық цифрлық жобасы әзірленіп, енгізілді. Жоба тауарлық газ бағасының өсуі жағдайында халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған. Бастама шеңберінде мемлекеттік атаулы және тұрғын үй көмегін алушылар тұтыну лимиттері белгіленген газға ваучерлер алады: БҚО-да айына 833 текше метр, Шымкентте – 631 текше метр. Тұтынылған газ көлемі 24%-ға дейін жеңілдікпен 23,5 млн теңге сомасына 2,9 млн текше метрді құрады.
Жеңілдік алушылардан оң кері байланыстың болуы сервистің жоғары сұранысқа ие екенін әрі оны еліміз бойынша әрі қарай кеңейтудің өзектілігін растап отыр. Бұл пилоттық жоба 2025 жылдың сәуір айының соңында аяқталады. Осыған байланысты, қазіргі уақытта пилоттық жобаның мерзімін осы жылдың 30 маусымына дейін ұзарту, кейіннен еліміздің барлық газдандырылған өңірлеріне 1 жыл мерзімге кеңейту туралы мәселе пысықталуда, – деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, газ саласын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы 5 жыл мерзімге бекітіледі.
Сондай-ақ тауарлық газдың орташа шекті көтерме бағасы 1 000 текше метр үшін 23 646 теңге болғанда, ұлттық оператор халыққа жеткізу үшін 10 096 теңгені субсидиялайтыны атап өтілді. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап шекті бағаны 28 371 теңгеге дейін көтеру бағдарламаны жалғастыруды айрықша өзекті етеді.
