Жаңалықтар

Халықтың несие алуы үлкен мәселеге айналып барады – Әлихан Смайылов

Халықтың несие алуы үлкен мәселеге айналып барады – Әлихан Смайылов
Фото: t.me/KZgovernment 31.10.2023 12:00 1232

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл орайда, бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері шамамен 1,5 млн теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 млн теңгені құрайды.

Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал, банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайларын қиындата береді. Бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды», - деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару керек екенін атап өтті.

Шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және алушылардың санаттарына қарай тұтынушылық кредит шарттары бойынша шектеулер енгізу қажет. Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Осыған байланысты, ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзетулер пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және тұтыну кредиттерін беруде тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді, - деді ол

Үкімет басшысы студенттер мен кәмелеттік жасқа толмаған жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруды қолға алу керек екенін айтты.

Халықтың шамадан тыс кредит алу проблемасын шешу құралдарының бірі – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы институты болып табылады. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды. Сонымен бірге борышкерлердің бәрінде бірдей банкроттық рәсімін пайдалану мүмкіндігі жоқ. Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бірақ, адамдарда «банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен» деген қате түсінік болмауы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілігі мен белгілі бір шектеулері бар маңызды қадам, - деді Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда банк саласындағы интернет-алаяқтық өзекті мәселеге айналды. Соңғы жылдары мұндай фактілердің саны 5 есеге дейін көбейіп кеткен. Осы жылдың басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген зиянның мөлшері – 13 млрд теңге. Оның 65 пайызын шетелден келген алаяқтар жасаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға