Жаңалықтар

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл пайда болады

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл пайда болады
Фото: egov.kz 13.01.2023 14:26 1727

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Президент жанынан халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі Уәкіл институтын құру туралы» Жарлығының жобасын дайындады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Уәкілетті адам өз қызметін халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылда олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында қоғамдық негізде жүзеге асыруы тиіс.

Уәкілдің негізгі мақсаты - халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, оларға келесі санаттар жатады:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • басқа мемлекеттерде тұратын соғыс ардагерлері;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедек балалары бар отбасылар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
  • жасы бойынша зейнеткерлер;
  • қандастар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Құжат 27 қаңтарға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға