Халыққа көңіл күй сыйлаған ұнайды – радио жүргізуші
Радио – ХІХ ғасырдан бері кеңінен қолданылатын ақпарат құралы. Радио бұл жаһан жаңалықтарын жұртшылыққа жеткізіп, тақырып тарататын сымсыз байланыс түрі. Радио да барлығы бар. Ән де, хабар да, әңгіме мен жаңалықтар да, ол аз десеңіз құттықтау сөздері мен жүректен шыққан жылы сөздер де осында.
Қазақстанда радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталды. Осы тарихи негізді алға тарта отыра Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтау барысында Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды ұсынған болатын.
Яғни бүгін радио қызметкерлері күні. Осы бір кәсіби мереке қарсаңында El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Астана радиосының редактор-жүргізушісі Еламан Әмірғазы тілдесіп қайтты.
- Қайырлы күн! Сізді төл мерекеңізбен құттықтаймын! Мерекелік көңіл күй қалай?
- Қайырлы күн! Көңіл күй керемет. Құттықтауыңызға рақмет!
- Өмірде екі нәрседен қателеспеген адам бақытты дейді. Соның біреуі мамандық таңдаудан жаңылмаған жан. Осы орайда неге радио жүргізушісі мамандығын таңдадыңыз? Көңіл не үшін көп салалы журналистиканың телевизия немесе баспа ісі бағытына аумады?
- Менің журналистика саласына келуімнің өзі қызық болды. Себебі, менің жоғарғы білімім жылу энергетикасы. Яғни, 4 жыл ЖОО-да техникалық бағытта білім алдым. Бірақ, адам да көңіл мен жүрек қалауы деген бар. Екінші курс студенті боп жүрген кезде жүрек қалауын тыңдап, өзімнің шығармышылық адамы екенімді түсіндім. Солай теле және радио журналистика курсына жазылып, оқи бастадым. Журналистикаға деген махаббатым оянып, күннен күнге еселене бастады. Оған қоса, ұстазым Әсел Ергешқызы маған қолдау білдіріп, алғаш «қазақ радиосына» алып келген.
- Жалпы, қазақ радиосы ол ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы екенін білеміз. Бұлай деуіміздің себебі – ұлттық құндылықтарды күнделікті насихаттайтын радиожобалар. Осы орайда, сіз жүргізуші ретінде қандай бағдарламалар жүргіздіңіз? Есіңізде қалған, өзіңізге ыстық бір жоба туралы айтып беріңізші.
- Бастапқыда, жұмысқа жаңадан келген тәжірбиесі жоқ жас маманға бірден үлкен жобаларды жүргізуге бере қоймайтыны белгілі жайт. Барлығы еңбекпен, уақытпен, тәжірибемен келетін дүние. Алғашында таспахабарлар оқып бастадық. Кейіннен, қысқа айдарлар жүргізіп жүрдім. Ал, есте қалған үлкен бағдарламалар ол әрине, «Цифрлы Қазақстан», «Ақтілек» және «Қайырлы таң, қазақ елі» бағдарламалары. «Ақтілек» - бір сағаттық хроносы бар құттықтау сазды бағдарлама. Сырт адамға оңай көрінуі мүмкін. Адамдарды туған күнімен құттықтап, мерекелік көңіл сыйлап, ән тыңдап отырып жүргізетін хабар секілді. Бірақ, мен үшін үлкен мектеп болды. Өйткені, бағдарламаның бекітілген жүру барысы жоқ. Ол жерде барлығы импровизация арқылы. Эфирге құттықтау жолдаған тыңдарманмен тілдесіп отырасың. Оған қоса, қазақ радиосы толқынындағы 3 сағаттық таңғы бағдарлама «Қайырлы таң, қазақ елін» 2 жылға жуық жүргіздім.
- Мишель Фьельдтің «Радионың күші - көріністің көрінбейтінінде» деген сөзі бар. Сіздер күнделікті халықты ақпараттандырып, оған қоса көтеріңкі көңіл күй сыйлағандарыңызбен телеарнадағыдай келбеттеріңіз көріне бермейді. Тыңдарман дауыстарыңызды ғана естиді. Сол халық сіздерді күнделікті өмірде дауыстарыңыздан таныған сәттер болды ма?
- Иә, тыңдарманның дауыстан танып қалған сәті жиі кездеседі. Мен радиодан бөлек, концерттік-мерекелік шараларды, той жүргіземін. Сол уақытта: «Дауысыңыз таныс. Радио жүргізбейсіз бе?» - деп те сұрап жатады.
- Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы. Смартфон мен ғаламтордың дәуірі жүріп тұр. Айналада ақпарат майданы жүріп жатыр десек артық айтпағанымыз. Осындай кезеңде радионың тыныс-тіршілігі қалай? Уақыт ағымына ілесіп келе жатыр ма?
- Ғаламтор мен теледидар пайда болған уақытта адамдар арасында баспа ісі, газет-журналдар мүлдем оқылмай қалады деген пікір болды. Бірақ, уақыт көрсеткендей газеттің өз оқырмандары қалды. Бұл дегеніміз журналистиканың әр саласының өз тұтынушысының бола беретінінің дәлелі. Радио пайда болғалы ғасырдан көп уақыт өтті. Радио өз заманында жылдам ақпарат тарату құрылғысы бола білді. Менің ойымша, радио өз өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Уақыт көрсеткендей бұл сала барда, әуе толқынын тыңдайтын жандар да бола береді.
- Радиожүргізуші ретінде жұмыс барысындағы өзіңізге ұнайтын, ең қызық процесс қандай? Сұхбат құру ма, әлде тікелей эфирде тыңдармен пікір алмасу ма?
- Радиожүргізуші ретінде маған қонақ шақырып, сұхбат құрған аса қатты ұнай бермейді. Менің жаныма дуэт болып жұмыс істеген жақын. Ең қызық процесс ол – тыңдарманмен тікелей байланыс істеу деп ойлаймын. Олар хат жолдайды, біз бағдарлама тізгінінде отырып, халыққа көңіл күй сыйлаймыз. Жалпы, ақпараттық-танымдық, құттықтау-сазды бағдарламаларды жүргізген ұнайды.
- Еламан мырза, алтын уақытыңызды бөліп, бізбен сұхбат құрғаныңызға рақмет!