Жаңалықтар

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, қоғамда масылдық психологияға жол бердік – президент

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, қоғамда масылдық психологияға жол бердік – президент
Фото: Ақорда 07.02.2024 12:06 1130

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік салаға қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар.

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Президент азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қарау қажет екенін айтады.

Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты.

Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек, - деп атап өтті президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға