Халықаралық олимпиада күнінде елімізде қандай іс-шаралар өтеді
23 маусым күні бүкіл әлем Халықаралық олимпиада күнін тойлайды. Қазақстан бұл мерекені бірқатар спорттық іс-шаралармен атап өтеді. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Негізгі мерекелік бағдарлама Астанада өтеді. Елорда тұрғындары бірнеше күн бойы түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, ғаламдық деңгейде тойланатын Халықаралық Олимпиада күні мерекесінің бір бөлшегі бола алады. Олимпиадалық қозғалысқа қосылғысы келетін жандар үшін баскетбол, су добы, интерактивті хоккейден турнирлер ұйымдастырылады, сондай-ақ, қазақстандық спортшылардың қатысуымен қойылымдық нөмірлер көрсетіледі.
Сонымен, 17-20 маусым аралығында жасөспірім ұлдар және қыздардың қатысуымен су добынан турнир өтеді. Мерекелік жарысқа 12 команда қатысады. Олардың әрқайсысында 15 жас спортшыдан барр. Матчтар Астанадағы «Барыс Арена» кешенінде өтеді.
Сондай-ақ, елордада интерактивті хоккей турнирі ұйымдастырылады. 12 жасқа дейінгі спортшылардан құраалған төрт команда киберхоккей мен кросс-айс форматындағы шайбалы хоккейден аралас жарыста сынға түседі. Бірегей бәсеке 22 маусым күні хоккей модулінде өтеді.
Орталық саябақтағы ашық бассейн жүзуден Iswim арнайы жарысын қабылдайды. Турнирге 7-16 жас аралығындағы жүзгіштер қатыса алады. Жүзуде жалпы есебі 200 жас атлет бақ сынамақ. Іс-шара 23 маусымға жоспарланған.
Одан бөлек, 23 маусым күні кез кедген адам үлкен спорттық мерекеге қатыса алады. Астанадық Триатлон саябағында триатлон мен стритболдан жарыс өтеді.
Триатлоннан 250 спортшы сынға түспек. Бәсеке 07.00-де басталады. Сағат 11.00-де 3х3 баскетболдан турнир өтеді. Іс-шараны көруге келген қонақтарға арнап көркем гимнастика, брейкинг, таеквондо және бокстан қойылымдық нөмірлер көрсетіледі.
Дәстүр бойынша, 23 маусымда дүниеге келген сәбилерді қазақстандық олимпиадашылар құттықтайды. Olympian is born акциясы Қазақстандағы Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеудің ажырамас бөлшегі саналады. Біздің танымал атлеттер дайындаған сәбилер мен олардың ата-анасына арналған сәлемдемелер еліміздің бар аймағындағы перзентханаларға жөнелтіледі.
Биылғы мереке қарсаңындағы алғашқы іс-шара – 2020 жылғы Токио ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы ту ұстаушыларының костюмін ҚР Ұлттық музейінің қорына табыстау рәсімі болатын. Аталған бірегей киім үлгісімен Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Олимпиада ойындары мен бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және еліміздегі ең танымал спортшы, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан құрамасын алып шыққан болатын.
Айта кетелік, 1948 жылы Санкт-Морицада өткен ХОК-тің 42-сессиясында Халықаралық олимпиада комитеті жыл сайын 23 маусымда Халықаралық олимпиада күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл 1894 жылы 23 маусымда ХОК-тің құрылған күнін есте сақтау үшін жасалған қадам. Дәл сол күні Олимпиадалық қозғалысты бастаған барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгрестің алдында өзінің тарихи баяндамасын жариялаған болатын.