Халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелейтін мектеп ашылды
Шымкентте жекпе-жек түрлерінен №15 кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Жаңа спорт нысанының шылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Қала басшысы жаңа ғимаратты аралап, спорт мектебінің қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қатар осындай маңызды жобаларды жүзеге асыру жастар арасында спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
2400 шаршы метрден асатын жаңа төрт қабатты спорт кешеніне грек-рим және еркін күрес, дзюдо, кикбоксинг, каратэ, самбо және фитнес сабақтарына арналған алты мамандандырылған зал кіреді.
Айта кетсек, бұған дейін спорт мектебі республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген майталман спортшыларды тәрбиеледі. Олардың арасында Елена Шалыгина мен Софья Берульцева бар.