Жаңалықтар

Халық шығарған үкім: Бишімбаевтың кінәсі дәлелденді

Халық шығарған үкім: Бишімбаевтың кінәсі дәлелденді
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 13.05.2024 18:00 1257

Бишімбаевтың сотын қоғам асқан ұйымшылдықпен бастан-аяқ тікелей эфир арқылы бақылап отырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Асқан қатігездікпен адам өлтірген қылмыскерге қарсы белгілі бір қоғамдық айыптау қалыптасуы да орынды. Бірақ сот шешімі тек заңдық нормаларға жүгіне отырып, алқабилердің қатысуымен қабылданды. Алқабилер құрамына қоғамның әр түрлі топтарынан шыққан және бейтарап ұстанымдағы азаматтар іріктеліп алынғанын ескерсек, олардың шешімі – халық атынан шығарылған үкім екеніне дау жоқ.

Алқабилер алқасының үкімімен Қ.Бишімбаев жәбірленуші С.Нүкенованы 2023 жылғы наурыз айының ортасынан бастап 9 қарашаға дейін кінәліге материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану арқылы дене және психикалық зардап шеккені үшін (ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы); сондай-ақ 09.11.2023 жылы С.Нүкенованы өлтіргені, яғни аса қатыгездікпен басқа адамды заңсыз қасақана өлтіргені (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы) үшін кінәлі деп танылды.

Б.Байжанов 09.11.2023 жылы Қ.Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылды(Қылмыстық кодекстің 432-бабы).

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағының санкциясында 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 432-бабының санкциясында 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Сот Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-бөлігінің 2-тармағының негізінде Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың қауіпті қайталануын, сондай-ақ мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасауын таныды.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешті.

Алқабилер сотының үкімі:

Бишімбаев қылмыстардың жиынтығы бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылды;

Байжановқа – 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру (ҚК 55-бабының 2-бөлігі ескеріліп) жазасы тағайындалды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға