Жаңалықтар

Халық саны өскен сайын жауапкершілік те арта түседі – демограф

Халық саны өскен сайын жауапкершілік те арта түседі – демограф
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.11.2023 15:45 1438

Бүгін ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының саны 20 миллионға жеткенін айтып, жақсы жаңалықпен құттықтады. Демограф Шынар Пазылбекқызы мұндай еліміздегі демографиялық өсім үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халық саны өскен сайын жауапкершілік те арта түседі. Сондықтан демографиялық әлеует пен экономикалық әлеует сәйкес болуы тиіс. Яғни демографиялық әлеует алға кетіп, экономикамыз артта қалса, халықты жұмыспен қамту мәселесі секілді проблемалар пайда болады, - дейді сарапшы.

Шынар Пазылбекқызының айтуынша, еліміздегі ең жоғарғы туу көрсеткіші 2021 жылы болған, яғни әр әйелге орташа есеппен 3,32 баладан келген.

Біріншіден, халық саны туудың арқасында көбейіп келеді. Екіншіден, Қазақстанда 2012 жылдан бері көші-қонның теріс айырмасы қалыптасты. Елімізге көшіп келушілердің саны көшіп кетушілердің санына қарағанда аз болғандықтан, халық санының артуына оң әсерін тигізді, - дейді ол.

Демограф елімізде туу деңгейін ынталандыру жұмысы демографиялық саясат емес, әлеуметтік саясаттың шеңберінде жүріп жатқанын атап өтті.

2020 жылы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалды. Мұндай мемлекеттің көмегін бүгінге дейін көптеген жанұя алып келе жатыр. Өкінішке қарай, жәрдемақының құны инфляция жағдайында төмендегенімен, мұның өзі біршама отбасыға жәрдем болып есептеледі, - деді Шынар Пазылбекқызы.

Сарапшының сөзінше, елдегі халық санынан кейінгі тұратын бірінші мәселе – денсаулық.

Біріншіден, халықтың денсаулығының мықты, білім деңгейі мен нарықтағы бәсекелестікке қабілетінің жоғары болуы маңызды. Сол үшін де мемлекет «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы өскелең ұрпаққа мүмкіндік жасайды. Екіншіден, денсаулық саласына да баса назар аударылып отыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, өлім-жітімді төмендету сынды түрлі әлеуметтік шараларды қолға алуда. Үшіншіден, көші-қон мәселесі бойынша қандастарымызды Қазақстанға, әсіресе еліміздің солтүстік өңіріне көшіру жұмысы интенсивті түрде жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі демографиялық ахуалымызды жақсартуға, халық санының өсуіне әсер етуде, – деп демограф сөзін қорытындылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға