Жаңалықтар

«Халық пен үкіметтің арасында көпір болып жүрміз»: Өнер адамдары су тасқынына қанша ақша жинады

«Халық пен үкіметтің арасында көпір болып жүрміз»: Өнер адамдары су тасқынына қанша ақша жинады
Фото: Коллаж El.kz 19.04.2024 17:01 1769

Әлеуметтік желіде өнер адамдары су тасқынынан зардап шеккен адамдарға жылу жинап, қаржылай қолдау көрсеткені қызу талқыға түсті. Ел арасында сан түрлі пікір айтылып, 100 мың теңгеге қатысты тізім де шыққаны белгілі. Осы ретте бастамашы топ теңізге тамшыдай болсын деген ниетпен іске кірісіп кеткендерін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әнші Құдайберген Бекіш өнер адамдарының арасында көмек жинау бастамасы қалай ұсынылғанын айтты.

Көкейде жүрген сұраққа жауап берейік. Өнер адамдары халықты су баса бастағаннан кейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жан-жақтан бір-бірімізге хабарласып желіде чат аштық. Оны қазақтың аяулы қызы Роза Әлқожа бастады, арасында Шаһизадалар бар, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, Өктем Алтаев бар, Ерғали Әбдірайымов бар. Бәріміздің басымызды қосып, кім қанша қаражат бере алады, соған бәріміз жиналдық. Өйткені, біздің арамызда ешқандай кикілжің болмады. Ешбір адамнан «Мынадай сомада ақша жинайсыңдар» деген тапсырыс түспеді. Саяси тапсырыс емес. Ең азы 100 мыңнан 2-3 миллионға дейін жиналды. Әрқайсысы жағдайына қарай, статусына қарай 500 мыңнан, 700 мыңган жинап берді. Бұл жерде 100 мыңнан берді дейді. Бір айлыққа қарап отырған актерлер бар. Барлығы 1 миллионды бере алмайды, жағдайлары қиындау. Сондықтан біз халқымызға көмек болсын деп, елдің азаматы болғаннан кейін Алланың алдында арымыз таза болсын деп сондай көңілмен жинадық. Ол біраз уақыт бойы жиналды. Менің қуанғаным, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, ішінде біз танымайтын өнер адамдары бар, жастар, суретшілер, журналистер бар. Жиналған сома 30 миллионнан асты, - дейді Құдайберген Бекіш.

Бұған дейін әнші Роза Әлқожа жиналған қаржыны көмекке мұқтаж адамдарға жеткізуді ойластырған.

Үш жүздің басы қосылатын күн туды. Өйткені су тасқыны бір елге емес, еліміздің түкпір-түкпіріне жетіп жатыр. Өнер адамдары: әнші, продюсер, ақын, журналистер, асабалар – бәріміз бірігіп ашқан топта елмен бірге екенімізді айтып, ортаға түскен қаражатты қалай жеткізу қажетін ақылдастық. Әзірге 25 миллион теңге жиналды. Алдағы уақытта зардап шеккен жұртпен жеке жүздесеміз. Біздің көмегіміз теңізге түскен тамшыдай болса да, жүрегіміздегі жанашырлық сезімін осылай жеткізгіміз келді, – деп жазды Роза Әлқожа. 

Өнер иесі ақша аударған әріптестерінің есімін де атады.

Олардың арасында Ерғали Әбдірайымов, Ердос Қанаев, Гүлзира Айдарбекова, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Өктем Алтаев, Елнұр Наурызбек, Мұқасан Шахзадаев, Өмірқұл Айниязов, Бауыржан Бекахметов, Мирас пен Құралай, Қуаныш пен Қарлығаш, Ерке Есмахан, Мөлдір Мұқанова, Мадина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, Индира Елубаева, Үкітай Ерниязов, Кеңес Әлімжан, Мұхтар Ханзада, Айбек Қайбулла, Мәлік Жамбылұлы, Ақбота Сейтмағамбет, Анар Батырхан, Құдайберген Бекіш, Света Айтбаева, Бағым Мұхитденова, Садраддин, Бекжан Тұрыс, Ақбота Керімбекова, Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Бибігүл Қилымхан, Әзімбек Байлин, Қажымұрат Шешенқұл, Бауыржан Тұрабаев бар, – деп жазды әнші. 

Әншілермен қатар халықтың қуанышында қызмет етіп жүрген асабалар да жылу жинағаны белгілі болды.

Өнердің қай саласы болмасын ұлы өнер деп бағалау керек. Өнер адамдарының ішінде асабалар да қарап қалмай, Алматы қаласының Жасұлан Зейнолла, Данияр Ділдабай деген азаматтар бас болып, Ерлан Құлшынбаевтың «Жақсылар жолы» атты қайырылымдылық қоры арқылы жылу жинадық. 200 отбасына жететін генераторлар бар, қайық-күрегі бар, бір камазға тиеп, Ерлан мен әнші Райым Уайыс бастап көріп, жолды көрсетіп отырып, табыстап қайтты. Әншілер ән айтып, түскен ақшасын әлі күнге дейін аударып жатыр. Көмек толассыз барып жатыр, - дейді актер, асаба Бақыт Тұшаев.

Алайда өнер адамдарын халықтың сынаған сөздері қынжылтқан.

Өнер адамдарын қынжылтқаны - ел арасындағы пыш-пыш сөздер мен алып-қашпа әңгіме болды. Жалпы осы өнер өкілдері, әртісі болсын, әншісі болсын, қайсысы болса да үкімет пен халықтың арасында дәнекер көпір сияқтымыз. Былайша айтқанда, штаттан тыс парламентпіз. Өйткені, Қызылағашты су басқан кезден бастап көмек жинаймыз. 2016 жылы жер дауы болғанда өнер адамдары бас көтеріп шықты. Арыстағы жарылыс, Мақтаралды су басқанда да басы-қасында біз жүрміз. Одан кейін 2020 жылғы пандемия болғанда да қарап қалмадық. Жан-жақтан көмек көрсеттік. Халықтың түсінігінде қиын жағдай болғанда өнер адамдары көмектесуі керек деген көзқарас бар, - дейді Бақыт Тұшаев.

Әнші Шаһизаданың айтуынша, жақсылық жасаған әр оқиғаны ашық айтып отыру дұрыс емес.

Негізі өнер адамдары бай, ақшалары көп. Халық болмаса қандай ақша табасыздар, біздің арқамызда байып жүрсіздер" деп айтады. Егер бізді тойға шақырмаса, біз өзіміз сұранып бармаймыз ғой. Шақырған жерден қалмаймыз. Көмектесу біздің жеке міндетіміз. Өз басым танымайтын қаншама адамға көмектесемін. Оның бәрін айтып отырмаймын ғой. "Жақсылық жасағаныңды ұмыт" дейді. Бұл жерде әркімнің аузына қақпақ бола алмаймыз ғой, - дейді әнші Шаһизада.

Бүгінгі таңда зардап шеккен аймақ тұрғындарына көмекке барған әншілер жиналған қаржының қалай жұмсалғаны туралы есеп беріп үлгерді.

Батыс пен Солтүстік өңірдегі су тасқыны көпті алаңдатып отыр. “Теңізге түскен тамшыдай” үлес қоссам деген арман әр қазақта бар екені сөзсіз. Жиналған қаржыдан 22 миллион бөлінген қаражат осы жылжымалы үйге жұмсалсын деп өнер адамдары бір ауыздан мақұлдаған еді. Міне, үйіміз 2-3 күнде дайын болады. Жылы, жайлы, жарық. Күн салқын кезде жылуды ұстап тұрады. Кәсіпкер бауырымыз төмен бағамен беріп жатыр. Бұл нысан уақытша тұруға ғана арналған. Мемлекет үйінен айырылған отбасыларға үй салып береді деген ойдамыз, – деп жазды Роза Әлқожа. 

Әншілерден ең көп қаржыны Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайберген аударды. Ол  "Демеу Қазақстан" қайырымдылық қорына 15 миллион теңге көлемінде ақша аударды. Димаштың жерлесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева да қарап қалмай, 2 миллион теңге аударған.

Ел басына күн туғанда, келген зардапта халықтың жоқ-жітігін білетін, зардапты жоюдың жолын білетін, әр отбасының жайына қандай көмек беруді заңды түрде білетін, сенімді қорларға аударған жөн.Көрінген жеке адамдар қор ашып кеткенін заманда, көмек жетті ма деген, халықтың наразылығын да естіп жатырмыз.Ақтөбе, Атырауға көмек берем деушілерге, сенімді, әкімдіктің ашқан қоры реквизиттері бар аударуларыңызға болады. Елмен біргемін! Ұлттық өнерімді ұлықтаған, су басқан елдерге 2 миллион тенге аудардық, - дейді Айгүл Елшібаева.

Танымал әнші Мәдина Садуақасова болса, тасқын судан зардап шеккендерге 1 миллион теңге қаржылай көмек берді.

Елімізде бұндай табиғи апат бұрын-соңды болмаған. Бұндай қиын кезеңдерде бір бірімізге қол ұшын беріп, демеу болайық. Суға кеткен өңірлерде құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтарға мың алғыс!  Гуманитарлық пен қаржылай көмек көрсетіп жандарға Алла разы болсын! Біздің отбасы да өз үлесін қосып, 1 миллион теңге  аудардық.! Бұл тек бастамасы, қолымнан келгенше, әлде де көмек беруді тоқтатпаймын, жалғастырамын. Аллам Қазақстанның әр өңірін табиғи апатынан сақтасын!, - дейді әнші.

Сонымен қатар Тұрсынбек Қабатов 1 миллион, Айнұр Тұрсынбаева 5 миллион жіберген. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға